Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы азаттыққа жету жолында сан түрлі нәубетті бастан өткеріп, тар жолда тайғақ кешті. Әсіресе солақай саясаттың салдарынан орын алған қуғын-сүргін мен ашаршылықтың зардабы тым ауыр.
Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, сол қаралы күндердегі аңыраған ананың, зар жылаған баланың ащы дауысы әрбір жанның әлі күнге сай-сүйегін сырқыратады. Мұрағат деректері бойынша Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Бұдан бөлек, ішерге ас, киерге киім таппай босып кеткен жұрттың қарасы қаншама! Бүгінгі таңымыздың арайлы, күніміздің шұғылалы болуы қыршын кеткен сол боздақтардың көз жасы мен наласының өтеуіндей. Сондықтан да тарих беттеріне қанмен жазылған бұл күндер әрбір қазақтың жадында жатталып, санасында жаңғырып тұруы тиіс.
Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, егемендікті еншілеген соң, Алаш арыстарының есімі қайтадан ұлықтала бастады. Соның бір дәлелі – кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев бастаған азаматтар саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Дәл осындай тағылымды шара «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің маңында да ұйымдастырылды. Мұнда жиналған көпшілік құрбандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Құралай Сейсенбекқызы