Есет Досалының шығармашылығына арналған кездесу кеші өтті

Тараз қаласындағы «Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» коммуналдық мекемесінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақ жол» газетінің мәдениет және спорт бөлімінің аға тілшісі, айтыскер-ақын Есет Досалының шығармашылығына арналған «Ел сыншысы – Есет» атты кездесу кеші өтті. Іс-шараға М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-4 курс Конвергентті және веб-журналистика білім беру бағдарламасының студенттері, Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің білім алушылары, Шу ауданынан арнайы келген ақын Сәт Мәлібеков, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұржан Әліш, сондай-ақ «Айтыс ақындар мен жыршы-термешілер» орталығының ғылыми қызметкері Дидар Апбасов қатысты. Кеш барысында қонақтар «Ауылға барам» және «Жайлаукөл кештері» әндерін жанды дауыста айтқан әншілерін тамашалады.

М.Х. Дулати атындағы университеттің студенттері, Тараз инновациялық колледжінің білімгерлері және №37 орта мектебінің оқушылары Есет Досалыға жүрекжарды өлеңдері мен арнауларын тарту етті. Ақын әрі әріптесі Нұржан Әліш Есет Досалыны «періште мінезді» азамат деп атап, оның шығармашылығындағы бала кездегі тазалық пен өмірге деген шынайы көзқарасты ерекше атап өтті. Кеш барысында Нұржан Әліш өзінің «Аққыз» атты жинағынан «Бала махаббат» өлеңін оқып, естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, әріптестері мен шәкірттері арнайы бейнематериалдар арқылы Есет Досалыға жылы лебіздерін білдірді. Есет Досалы өзінің кешті ұйымдастырған ұжымға алғысын айтып, жақында өмірден озған әкесіне арнаған «Ойламаппын» атты өлеңін оқыды. Бұл туынды залда отырғандардың жүрегін тербеп, көздеріне жас үйірді. Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – суырыпсалма айтыс өнері болды. Айтыскер Есет Досалы мен оның шәкірті Дидар Апбасов көрермендерді шебер импровизациясымен таңқалдырды. Айтыс барысында айтылған әзілдер мен мәнді сөздер жиналған қауымды ду күлкіге бөлеп, шапалаққа кенелтті. Сонымен қатар, №6 кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Қаламгер – руханият шырақшысы» атты көрмеде Есет Досалының кітаптары мен жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары таныстырылды. Кітапхана қызметкері Жанар Жанаралықызы көрме аясында ақынның шығармашылығы туралы кеңінен айтып өтті.

Кеш соңында жас студенттер Есет Досалыға көкейдегі сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптарын алды. Кітапхана ұжымы ақынға Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» атты кітабын сыйлады. Іс-шара қатысушылары кездесуден үлкен әсер алып,  осындай шаралардың көптеп болуын қалайтындарын айта кетті.

Comments (0)
Add Comment