Есепті жиында өзекті мәселелер қаралды

Өткен аптада басталған шаһардағы мекеме басшыларының есепті жиыны «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» ЖШС-інде жалғасты. Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен өткен басқосу барысында серіктестік директоры К.Абжанов шаһар аумағында атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен алдағы жоспары туралы баяндады.

Бақылау болмаса, сапалы үй қайдан салынады?

Шаһарда бүгінгі таңда 410 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Әлі де 417 үй жаңғыртуды қажет етеді. Сондай-ақ мекеме тарапынан демеушілердің көмегімен 14 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін сырлау, муралдар салу жұмыстары жүргізілген. Ал ағымдағы жылы облыс орталығындағы 50 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеу жоспарлануда. Сонымен қатар 2020 жылы тұрғын үйлерді жөндеуде өз міндеттерін дұрыс орындамаған 4 бірдей мердігер сотқа беріліп, 2 мекеменің лицензиясы алынған. Бүгінде сапасыз атқарылған жұмыстар бойынша қаражат мемлекет есебіне өндірілуде екен.
Баяндаманы мұқият тыңдаған шаһар басшысы тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасын жұмысын сапалы орындайтын тәжірибелі компанияларға тапсыру керектігін ескертті.
– Былтыр жөндеуден өткен біраз үйлер сапасыз. Жұмысын бүгінге дейін созып, салғырттық танытқандар да бар. Мұның барлығы серіктестік басшысы тарапынан дер кезіндегі бақылаудың жоқтығынан болып отыр. Тұрғын үйі жаңғыртылған тұрғындар жөндеу жұмыстары үшін ай сайын қомақты қаржы төлейтіндіктен, бұл іске асқан жауапкершілікпен қарап, халық тарапынан түсетін шағымдар мен талап-тілектерді жіті назарға алып, тұрғындардың келісімін ала отырып, тірлікті ақылдасып атқару керек, – деген қала әкімі өткен жылы атқарылған жұмыс өз деңгейінде орындалмағандықтан, биылғы жөндеу жұмыстарына қазірден тыңғылықты дайындалу керектігін тапсырды.

 

Қала әкімі Ержан Жылқыбаев Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Батырхан Тоқтағұлдың да есебін тыңдады. Орталық басшысының сөзінше, былтыр шаһарда 11 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. 356 мүмкіндігі шектеулі жан 49 мекемеге жолданса, 10 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп, 1 458 адам жұмыс тапқан. Сондай-ақ былтыр 621 азамат бизнес ашу үшін грант иеленген. Алайда мемлекет қаржысын оңды-солды жұмсаған 11 адам анықталып, 4-інің ісі сотта қаралуда. Бүгінде қаражатты мемлекет есебіне өндіру жұмыстары жүргізілуде екен.
– «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 40 азамат жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды 292 адам аяқтап, 98 пайызы жұмыспен қамтылды. Бұл бағыттағы халықты жұмыспен қамту жұмыстары биыл да жалғасын табады. Биыл 400-ден астам грант бөлініп отыр. Оның 95 пайызы жастарға беріледі. Айта кету керек, грант көлемі де 1 200 000 теңгеге дейін көбейген, – деді Б.Тоқтағұл өз баяндамасында.
Баяндаманы тыңдаған Ержан Жұматұлы мекеменің жұмысына оң бағасын бергенімен, кемшін тұсын да атап өтті.
– Жастарды жұмыспен қамтуда кемшіліктер бар. Олардың дені грант пен кәсіптік оқытудың барынан бейхабар. Сондықтан NEET жастарды бизнеске бейімдеп, мемлекет қолдауын кедергісіз алуды қамтамасыз ету керек. Әсіресе жыл сайын оқытылып жатқан жүздеген шаштараз бен аспаздардың орнына қоғамға қажетті мамандарды дайындап, ірі кәсіпорындармен бірлесе жұмыс істеген жөн. Екі қолға бір күрек іздеп келген әрбір азаматты жылы шыраймен қарсы алып, мәселесін жіті қарап, шешімін тап-қан дұрыс. Салаға бөлінетін қаражат қомақты болғандықтан, мемлекет қолдауы мен мүмкіндігін әрбір жұмыссыз азамат көргені абзал, – деді шаһар басшысы.

Көшпелі іс-шаралар кешенін ұйымдастыру керек

Шаһар басшысының алдында «Анаға тағзым» орталығының директоры Э.Мырза-Ғали да есеп берді.
Бүгінде орталықта 8 үйірме, 2 клуб пен 2 кеңес беру кабинеті бар. Мекемеде 143 қыз-келіншекке психологиялық және құқықтық тұрғыдан жан-жақты көмек көрсетілуде. Осы кезге дейін орталықта 45 іс-шара өткізіліп, оған 1000-нан аса адам қатысқан. Атап айтқанда, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Анаға тағзым» республикалық форумы, «Әйелдер істері, отбасы-демографиялық саясат» басқосуы, «Бірге талқылайық!», «Достық дастарқаны», «Тәуелсіздік жемістері» сынды жобалар мен «Тараз жауһарлары» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылған.
Қазіргі таңда мекемеде 18 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде сала маманы – 8, негізгі шығармашылық саласындағы мамандар – 7, техникалық қызметкерлер саны – 3.
Есепті тыңдаған Ержан Жұматұлы мекеменің алдағы жұмыс жоспарына оң бағасын беріп, «Құмшағал», «Шөлдала» сынды шалғай алқаптардан қала орталығына қатынай алмайтын қыз-келіншектер үшін көшпелі іс-шаралар кешенін жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды.

Балалар жылына түрлі байқаулар қажет

Қала әкімі Ержан Жұматұлы Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің директоры Л.Алпысбайдың есеп беру жиынына да қатысты.
Бүгінге дейін мәдени нысан тарапынан 215 іс-шара ұйымдастырылып, оған 132 850 адам қатысқан. Онлайн форматта 29 шара өткізілген. Олардың қатарында елімізге танымал тұлғалардың мерейтойларына арналған кештер, Ұлттық домбыра күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған түрлі шаралар, қаладағы көпбалалы аналарды қолдау мақсатында өткізілген «FoodFest-Taraz» фестивалі бар.
Мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тұлға тайм», «Бес қару» жобалары да іске асырылуда екен. Осындай ауқымды іс-шаралар биыл да бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілмек.
Мекеме басшысының баяндамасын тыңдаған Ержан Жұматұлы қала аумағында өтетін мәдени шаралардың санын арттыру керектігін тапсырды.
– Биыл «Балалар жылы» деп жарияланғандықтан, оларға арнап түрлі байқаулар ұйымдастыру керек. Әрбір өткізілетін шараның көрермендерімен қатар, қатысушылары да көп болуы аса маңызды, – деген шаһар басшысы рухани шараларды ұйымдастыру мәдени құндылықты қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынын айтып, жауаптыларға жақын күндері жоспар түзіп әкелуді жүктеді.

NEET жастар назарда болғаны жөн

Бұдан кейін шаһар басшысы қалалық жастар ресурстық орталығының директоры А.Есіркеповтің есебін тыңдады. Орталық директорының дерегінше, бүгінге дейін орталықта 11 бағыт бойынша 708 іс-шара ұйымдастырылып, оған 21 мыңнан аса адам қатысқан. Сондай-ақ мекеме мамандары мен еріктілерінің көмегімен қала көшелерінде жазылған есірткі заттарын жарнамалайтын 2000-нан аса сайттың сілтемесі өшірілген.
– Бүгінде Жастар орталығына қарасты 7 аула клубы жұмыс істейді. Онда тоқыма өнері, би, шахмат және тоғызқұмалақ, сурет салу, гитара тарту, қолөнер, үстел теннисі сынды 19 үйірме бар. Аталған үйірмелерге 350-ден аса жасөспірім қатысады. Сонымен қатар орталықтағы «Темірқазық» волонтерлер қозғалысы коронавирус індетінің алдын алу шаралары бойынша тұрғындарға бетперделер мен ақпараттық қағаздар тарату, қарттарға көмек беру, «Тегін такси» қызметін ұйымдастыру сынды қайырымдылық іс-шараларына белсене атсалысуда. Сондай-ақ былтыр 5085 жас жұмысмен қамтылды. Биыл жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған жаңашыл іс-шаралар өткізу жоспарлануда, – деді орталық директоры.
Өз кезегінде қала әкімі Ержан Жылқыбаев өнегелі жас буын – жарқын болашағымыздың кепілі екендігін айтып, NEET жастарға басымдық беру қажеттігін ескертті. Оларға «Жастар практикасы» сынды мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар бойынша кеңес беріп, кездесулер ұйымдастырып, қоғамдық өмірге жан-жақты тартуды тапсырды.
Санитарлар сыйақысыз қалмасын!
Шаһар басшысы Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен өткен басқосуда Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендірілуге арналған орталығының директоры Г.Сейтказиеваның баяндамасы тыңдалды.
120 орынға арналған орталықтың негізгі мақсаты – қызмет алушылардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру, оларға көмек көрсету. Былтыр өмірлік қиын жағдайда қалған 148 адам аталған мекеменің көмегіне жүгінсе, мемлекет қамқорлығындағы 31 адамның зейнетақы кітапшасы, 22 адамның жеке куәлігі қалпына келтірілген. Сондай-ақ 17 қызмет алушы Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына орналастырылса, 7 қызмет алушыға әртүрлі мүгедектік топ тағайындалған екен.
Есепті тыңдаған Ержан Жұматұлы орталықтағы азаматтарға барынша жағдай жасау керектігін ескертіп, азаматтардың күтіміне жауап беретін санитарларды ынталандыру мақсатында сыйақы беру мүмкіндігін де қарастыруды тапсырды.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Comments (0)
Add Comment