Еселі еңбектің есебі

Тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланған көне Тараз өсу мен өркендеудің, даму мен дәуірлеудің тағы бір жылын артқа тастады.

Оның барлығын көз көрді, көңіл сүйсінді. Қала түрленді, көше гүлденді, саябақтар жаңғырып, жұртшылық тамаша күйге енді. Қысқасы, жыл ішінде көңілге жылулық сыйлаған көп жұмыс атқарылды. Оның барлығын көз көрді, көңіл сүйсінді. Қаланың қат-қабат тіршілігінің өткен жылы қалай өрбігендігі туралы қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов №53 мектепте №1 округ тұрғындарымен өткізген алғашқы есеп беру жиынында сараптап, саралап айтып берді.
Сөзіміз салмақты болу үшін цифрларға зер салайық. Өңір экономикасының өнеркәсіп, ауылшаруашылық, тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жастар саясаты салалары бойынша нақты көрсеткіштерге қол жеткізілген. Атап айтқанда өнеркәсіп саласында өткен жылмен салыстырғанда 8,1 миллиард теңгеге артық өнім өндіріліп, халықтың жан басына шаққандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 669,8 мың теңгені құраған.


2018 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 69,2 млрд. теңгені немесе нақты көлем индексі 104,1% құраған. Көрсеткіштің өсуі индустриялдық жобалардың, бюджеттік инвестициялық жобалар және басқа да бизнес жобалардың жүзеге асырылуына байланысты болған.
Инвестициялардың жалпы көлеміндегі шаруашылық субъектілерінің өзіндік қаражаттары 43,6 млрд. теңге немесе үлесі 63 пайыз, бюджеттік салымдар – 24,2 млрд. теңге немесе 34 пайыз, банктерден несиелер және басқа да қарызға алынған қаражаттар – 1,4 млрд. теңге немесе 2 пайыз.


Халықтың жан басына шаққанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 193,9 мың теңгені құрады (2017 жылы – 178,1 мың теңге). Көтерме сауда тауар айналымы 155,9 млрд. теңгені немесе нақты көлем индексі 110,2 пайызды құрап, бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 218,6 млрд. теңге немесе нақты көлем индексі 101 пайызға дейін көтерілген. Жалпы алғанда 2018 жылы әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, білім, мәдениет және спорт салаларының шығындарына 24 млрд. теңге жұмсалған, яғни бюджеттің 51,7 пайызы әлеуметтік шығындарға бағытталған.
2018 жылы 6362 отбасына қала бюджеті есебінен 463,4 млн. теңгеге әр түрлі әлеуметтік көмек көрсетілген.


Біз жыл ішінде атқарылған жұмыстардың бір парасын ғана айтып өттік. Анығында әкімнің елу минуттық баяндамасына жүк болған жұмыстар көлемі анағұрлым ауқымды. Бір назар аударарлығы – есеп беру жиындарында бұрынғыдай екіленіп, ашу мен ызаға булығып сөйлейтін жандар қатары азайған. Мұны біз халық тұрмысының түзеліп, тіршілік түйткілдерінің жыл өткен сайын лайықты шешім тауып жатқандығының көрсеткіші деп түсіндік. Жиында әкімге сауал қою үшін ортаға шыққан Пернебек Сырғалиев, Жанерке Дүйсен, Айдана Сәрсенбай есімді тұрғындар сөз басын атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтып, алдағы жылға табыс тілеуден бастауы, есепті қанағаттанарлық деп бағалауы да жоғарыда айтқанымызға дәлел бола түскендей. Ғалымжан Райылұлы қойылған сауалдарға нақты жауаптар берді. Бұдан әрі есеп беру жиындары қаланың өзге округтерінде жалғасын тапты.

Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ

Тұрғындар талабы тыңдалды

№44 орта мектепте қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов №2 округ тұрғындарының алдында есеп берді.
Шаһар басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, жоспарлы жұмыстардың нәтижесімен де бөлісті. Сондай-ақ тұрғындарға алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар легі де таныстырылды.
– Округ бойынша жасалынған жұмыстарды тұрғындар көріп, біліп жүр. Шешілмеген мәселелер бойынша алдағы уақытта жұмыстар жүргізіледі. Құзырлы сала мамандарына тапсырма берілген. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес қалада көптеген мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асып жатқан жұмыстарға мына сіздер баға бересіздер. Қаламыздың қал-ақуалын жақсартуда барлығымыз бірдей үлес қосуымыз керек, – деп өз сөзін аяқтаған Ғалымжан Райылұлы аймақ тұрғындарының уәжін тыңдады.


Алдымен сөз алған №35 ПИК төрағасы Ораз Өскенбаев Хамукат атауын алып, бұрынғы «Тастақ» атауын аймаққа қайтарып беруді сұрады.
– Бүгінде 6 мыңға жуық тұрғыны, 1 мыңнан астам түтін түтетіп отырған аймақ тұрғындарының атынан сөз алып, сізге өтінішімізді айтуға келдік. Бұрынғы «Тастақ» (Талсок) атауын алып тастап, Хамукат деген атты қоюына қарсымыз. Сондай-ақ №50 мектеп 1200 оқушыға арналған, бірақ бүгінде мектеп үш аусымға сай келіп тұр. Әкімдік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар да жоқ емес. Десе де, біздің аймақта туу көрсеткіші жоғары. Балабақшаның да мәселесі әлі шешілмеді. Мәселен, біздегі 33 көшенің 10-ы ғана асфальтталған, 14 көшеде ғана ауыз су бар. Қалғанында бұл мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бұл орайда, округтен сайланған қалалық мәслихат депутаты Нариман Мәуленов өз қаражатынан 6-7 көшені асфальттап беріп, «Қаратау-Шолақтау» станциясында жаяу жүргіншілерге арналған өтпелі көпір салып берді, – деді тұрғын.
Ал Сапарғали Сартаев болса, Сеңкібай көшесіне жасалған сметалық құжаттың уақыты өтіп кетпей көшені жөндеуді, Көшеней көшесін жарықтандыруды, Жамбыл даңғылын кесіп өтетін бағдаршамды қайтаруды сұрады. Сондай-ақ №48 ПИК төрайымы Роза Тоқтайқызы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, қала әкіміне алғыс білдірді.
– Қаланың архитектуралық келбеті жаңарып, саябақтар мен бірқатар нысандардың жөндеуден өтуі қала көркіне көрік қосары сөзсіз. Бірақ біздің аймақ шалғайда орналасқандықтан, орталыққа жиі барамыз деп айта алмаймын. Біздің аймақты да көріктендіруге көңіл бөлсеңіздер. Сондай-ақ тұрғындардың көкейінде жүрген бірқатар мәселелерді назарларыңызға ұсынсам деймін. Қойбақов, Петрошевский көшелерінде жарық жоқ. Ал Каперников пен Асқаров көшелерінде жаяу жүргіншілерге арналған жолақтың жоқтығынан оқыс оқиғалар көптеп орын алады. Бурыл А,Б,В аймағында жол қашан болады? Ғалымжан Райылұлы сізге тағы бір ұсыныс: ПИК төрағалары мен төрайымдарын айына 1 рет қабылдасаңыз, – деді қала тұрғыны.
Жиында көшені жарықтандыру, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың жоқтығы, қоқыс тасымалдаушыларының жұмысына сын жан-жақты айтылды. Ал жиын соңында ардагер Зиятбек Мұзапаров есепке қанағаттанарлық деген баға қойып, көпшілікке ақ батасын берді.

Ескерусіз қалмайды

№51 мектепте шаһар басшысы №5 аймақ тұрғындарымен кездесіп, көпшіліктің ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Әуелі қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов шаһарда өткен жылы атқарылған ілкімді істерге кеңінен тоқталып, биыл іске асырылатын жұмыстарды тілге тиек етті. Мұнан соң кезек тұрғындарға беріліп, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алды. Алғаш болып қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Алдаберді Мақашев сөз алып, шаһардың көркейіп, өркендеуі үшін жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, қала әкіміне алғысын білдірді. Ол қаланың көркіне көрік қосқан саябақтардың жаңғыртылғанын айтып, демалатын орындардың көбейгеніне дән риза екендігін жеткізді. Сондай-ақ қаладағы бірқатар мемлекеттік нысандардың темір қоршауларының алынғандығы шаһар келбетін жаңа қырынан танытатынын айтты. Ал №2 мөлтек ауданы, №30 үйдің тұрғыны Рахат Итқұлова аталған үй тұрғындарының базынасын жеткізді.


– Біз тұратын үйдің 1 қабатын 2017 жылы жеке кәсіпкер алған болатын. Оған осындағы 72 пәтердің тұрғындары оның мұнда кәсіп жасауына қарсы. Бармаған есік, қақпаған терезе қалмады. Ол мұнда алдымен демалыс орталығын ашамын деп, енді дүкен ашып отыр. Осы мәселенің анық-қанығын біліп, шешіп берсеңіз. Сондай-ақ бүгінде біздің мөлтек ауданда жалға пәтер берушілер көбейді. Иесіз үйдің тұрғындары ойларына келгенін жасап, көршілердің мазасын алады. Учаскелік инспектордың 3-еуін де жұмыс орнынан таппайсың. Қашан барсаң жоқ, – деді Рахат Итқұлова.


Жиында сөз алған №2 мөлтек ауданның учаскелік инспекторы: «Біздің ауданға қарасты 41 үй бар. Оның барлығын жұмыста отырып бақылай алмайсың. Округте жасалынуы тиіс жұмыстарды жасап жатырмыз. №30 үйде жалға берілетін 30 пәтерді анықтадық. Бүгінде оның 12-сінің иесі табылып, заң бойынша түсіндіру, ескерту жұмыстары жасалды. Алдағы уақытта иелері патент төлеп, барлығын заң аясында жасайтындықтарын айттып, мәмілеге келудеміз» – деді.
Жалпы, бұл аймақтың тұрғындары қойған сауалдар бірден сала мамандарына жүктеліп, қажетті шешімдер қабылданды. Шаһар басшысы айтылған ұсыныстар мен ескертпелер ескерусіз қалмайтындығын айтты.

Қордаланған мәселе көп

Қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың тұрғындар алдындағы кезекті есебі №60 орта мектебінде жалғасын тапты.
Есепті жиында қала басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылы атқарылатын істер барысына тоқталды.
Нақтырақ айтқанда, бюджет, өнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлік, білім, денсаулық, мәдениет, спорт сынды өзге де салаларда атқарылған жұмыстар жайлы баяндама жасады. Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша негізгі экономикалық салаларда 2018 жылмен салыстырғанда оң серпін бар екендігі де айтылды. Негізгі бөлімнен соң, №4 округ тұрғындары шаһар басшысына аумақтағы әлеуметтік мәселелерді мәлімдеді.
Мәселен, «Кірпіш» зауытының тұрғындары үшін қалалық бағытқа қатынайтын транспорт жайы мұң болып тұр.


Кездесу барысында тұрғындар аумақтағы қатынас құралының жыры қашан шешілетінін сұрады. Сонымен қатар, округ тұрғындары осындай күрмеулі мәселелерін айтып, газет редакциясына қоңырау шалған болатын. Тұрғындар тілегі мақала ретінде газетіміздің өткен санында жарияланып, тиесілі мекемелерге құлаққағыс жасалған еді. Мұны жиында қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев те тілге тиек етіп, аумақ тұрғындарының өтініші қанағаттандырылуы керек деп қадап айтты. Ал қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сәкен Жұманқұлов аумақты қаланың батыс бөлігімен жалғайтын жаңа бағыттағы қоғамдық көліктің іске қосылатындығын айтты. Бүгінге дейін аумақ тұрғындары №42 маршрутпен «Ауыл береке» және «Орталық» базарларға ғана қатынап келеді.


– Бұл бағыттағы көлік іске қосылған кезде «Мерседес» маркалы 1 есікті шағын автобустар берілді. Екі ай бұрын тұрғындар өтінішімен 2 үлкен автобус қосылды. Алдағы уақытта тағы үлкейтеміз деген жоспар бар, – деді «Әулиеата-ТрансПасс» ЖШС директоры Рашид Пірманов.
Автобустардың көлемін үлкейтіп, жиілігін арттыру, тағы қосымша автобустар қосу, жарық шамдарымен қамтып, жаяу жүргіншілер жолына тротуар орнату секілді мәселелер де айтылып, назарға алынды.


Сондай-ақ, жиында «Барысхан» алқабындағы бірқатар мәселелердің тиегі ағытылды.
– «Барысхан» алқабында 1000-нан астам шаңырақ тұрады. Жоспарға сай алқапқа өткен жылдың екінші жартысында ауыз су кіргізу жұмыстары жүргізіле бастады. Жобада 1100 үй көрсетілген. Алайда қазір 747 үйге ғана ауыз су кіргізіп, қалған үйлер ауыз сусыз қалып кеткелі тұр. Көшеде жүргізіліп жатқан қазу жұмыстары да тұрғындардың титығына тиіп отыр. Ол жолды қайта қалпына келтіру жұмыстары қашан жүргізіледі? Соның салдарынан №29 бағыттағы маршрут та межесіне дейін жетпейді,– дейді «Барысхан» алқабының кварталдық төрайымы Құралай Сәмиева.
Алқап өтінішін жеткізген тұрғынның сауалдарына тиісті сала өкілдері ағымдағы жылдың екінші кезеңінде алқап толық сумен қамтамасыз етіліп, күн жылығанда қазылған жолдар қайта жаңғыртылатынын айтты.


Ел мүддесіне сай жасалған еңбек үшін де шаһар басшысына шара соңында тұрғындар алғысын айтып, жұмысына табыс тіледі.

Шаһарда атқарылған шаруа көп

Төле би атындағы №8 мектеп-гимназияда №6 округ бойынша қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың кезекті есеп беру жиыны өтті.
Шаһар басшысы есепті жиында Тараз қаласының әлеуметтік экономикалық дамуындағы оң өзгерістер туралы баяндап, Мемлекет басшысының халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы аясында межеленген нақты жоспармен бөлісті.
– Елбасының биылғы Жолдауы – алдағы жылдары атқарылатын нақты міндеттерді айқындауымен және қоғам өмірінің барлық саласын қамтығанымен ерекшеленді, – деп бастады сөзін Ғалымжан Райылұлы. Есеп беру жиынында әкім өткен жылғы жұмыстарға кеңінен талдау жасаумен қатар, құнды құжаттан туындайтын бағдарлы жұмыстарға және оны жұртшылыққа жеткізудегі міндеттерге назар аудару қажеттігін алға тартты.


Межелі көрсеткіштер тұтастай алғанда жұмыссыздықтың алдын алу, тұрғын үй, тұтыну бағаларының индексі мен бюджеттік салықтар мен түсімдер көлемі, негізгі капиталға тартылған инвестиция, инновациялық бастамалар мен спортты дамыту, тағы басқа нәтижелер бойынша қол жеткен жетістіктермен өлшенеді. Бұған қоса, жыл қорытындысы бойынша шағын, орта бизнес субъектілерімен өндірілген өнім көлемінің үлесі 43,9 миллиард теңге болып, қала бойынша өнеркәсіп орындарымен өндірілген өнімнің 18,3%-ды құрап отыр. 2018 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 69,2 миллиард теңгені немесе нақты көлем индексі 104,1%-ға жеткен.


Ғалымжан Райылұлы жиын барысында қаладағы жасөспірімдерің бос уақытын пайдалануына, оқушылар арасындағы қылмыс деңгейіне алаңдаушылық білдірді. Кейбір ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын сауда жасауға мәжбүрлеп, еңбекке ерте баулиды. Бұл баланың болашағына үлкен кедергі келтіреді.


– Қалада кәмелетке толмаған балалардың ісіне байланысты бірнеше рейд жүргізілді. Оған өзім арнайы қатысып, ақуалды көзбен көрдім. 11-12 жастағы баланың қарындасымен бірге түнгі уақытта сауда жасап тұрғанына куә болып, қатты алаңдадым. Түнгі ойын-сауық орталықтарындағы 18 жасқа толмаған жастардың алкогольді ішімдік пайдаланғанын көріп, жағамызды ұстадық. Бұл мәселелерге байланысты тиісті органдар шаралар қолданып, бақылау жүргізіп келеді. Осы кездесуді пайдалана отырып, бала тәрбиесіне бей-жай қарамауларыңызды сұраймын,–деді шаһар басшысы.
№6 округ тұрғындары жиын барысында қала басшысына көкейдегі сауалдарын жолдап, бірнеше мәселені ортаға салды. Нүрила Дастанова есімді тұрғын облыс орталығында шешімін таппай жатқан бірнеше түйткілді жәйт бар екенін айтты.


– Мен Әйтеке би көшесі №7 үй 44 пәтердің тұрғынымын. Біз сізге және облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевқа бірнеше рет хат жазып, мәселенің мән-жайын жеткізген болатынбыз. Әйтеке би көшесімен жалғыз №27-ші автобус жүреді. Аталмыш автобустың қатарға қосылған 10 жылы ішінде бұл көшеде «Аладдин» деп аталатын аялдама болатын. Қоғамдық көлік арнайы тоқтайтын. Алайда жол жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін автобустар бұл аялдамаға тоқтауды доғарды. Тоқтаған көліктерге айыппұл салынады. Бұл мәселенің шешімі бір жылдан бері табылмай жатыр. Аялдама маңында мектеп бар. Балалар кейде үйлеріне қайта алмай, қараңғыда қалып қойып жатады. Сонымен бірге Мәлік Жүнісәлиев көшесінде көлік қозғалысының қауіптілігіне байланысты жылдамдықты шектеу мәселесін қолға алуыңызды сұраймын. Он күн бұрын ғана осы көшеде жасөспірім баланы көлік қағып кетті. Осыған байланысты тиісті шаралар қолдансаңыз екен. Сондай-ақ, 5-7 аула тұрғындары атынан сауалым бар. Мөлтек аудандарда қоқыс жәшіктері үйдің артында орналасқан. Біздің ауламыздағы жәшіктер талапқа сай емес. Жөндеу жұмыстарына сұранып тұр. Осы үш мәселеге жіті назар аударсаңыз екен, – деді тұрғын.
Көпшілік көкейінде жүрген мәселелерді басшылық назарына ұсынған тұрғынның сауалын қала әкімі жіті назарда ұстап, зерделеу жұмыстарын жүргізуге уәде берді.

Жоспар нық, мақсат айқы

Қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың шаһар тұрғындары алдындағы есебі №3 округте жалғасын тапты.
Шаһар басшысы өз есебін өткен жылғы қаланың архитектуралық келбетіндегі оңтайлы өзгерістермен бастады. Атап айтқанда Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы мен Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ, «Желтоқсан» аллеясы мен темір жол бекеті алдындағы «Көне-Тараз» сквері, «Үшбұлақ» каналының жағалауы, «Достық» алаңындағы және облыстық әкімшілік алдындағы су бұрқақтары мен алаңдары және жаңартылған Жамбыл ескерткіші облыс әкімдігі ғимаратының алдына орнатылды. Бұл жұмыстар өз кезегінде одан ары 2019 жылы да жалғасын табатыны айтылды.


2018 жылы бюджетке салық пен өзге де міндетті төлемдердің есебінен 39,9 миллиард теңге түскен. Оның ішінде республикалық бюджетке 13,5 миллиард, облыстық бюджетке 14,2 миллиард, қалалық бюджетке 12,2 миллиард теңге кіріс кірген. Есепті кезеңде Тараз қаласының әлеуметтік экономикалық дамуында тұрақты динамика қалыптасқан.


Әкімнің баяндамасынан соң қала жұртшылығы шаһар басшысына өз сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Жамбыл даңғылының бойындағы үйлердің бірінде тұратын Аққу Сүйіндікова есімді тұрғын Бейбітшілік, Пушкин, Сухамбаев, Сәтпаев көшелеріндегі жолдың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Тұрғынның сауалына жауап берген Ғалымжан Райылұлы осы жылы аталған көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.
– Бұл күн тәртібіндегі маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі. Жол жөндеу жұмыстарына биыл 100 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырып отырмыз. Мемлекеттік сатып алу конкурсы өткен соң бұл жұмыстарды мердігер компанияға тапсырамыз. Ауа райы қолайлы бола бастаған күннен жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді қала басшысы.


Жиында «Төңкеріс» алқабының тұрғындары атынан Гүлнәр Есенғалиева есімді азаматша №6 үйдің алдында бос жатқан орынға балаларға арналған футбол алаңшасын ашып беруді сұрады.


– Әлбетте, барлығымыз бала өсіріп отырған соң, мұндай өтініштің болуы заңды. Биыл «Аса» мөлтек ауданы мен «Қант зауыты» алқабындағы көшелердің біріне спорт алаңшасын ашуды жоспарлап отырмыз. Ал «Төңкеріс» алқабына алаңша салу мәселесін күн тәртібіне қоямыз. Екінші жартыжылдықтың жоспарына енетін болады, – деп жауап берді Ғалымжан Әбдірайымов.


Аталған сала бойынша бөлім басшысы Оксана Борисюк бұл өтінішке демеушілер есебінен қаржы қарастырылса, футбол алаңын салуға мүмкіндік болатынын алға тартты. Сөз соңында қала басшысы Елбасы саясатын ел мүддесіне сай жүзеге асырып, алдағы уақытта да белгіленген меже бойынша жүйелі жұмыстар атқарылатынын айтты.

Арайлым Бақытжанқызы,
Толғанай АТАБАЙ,
Арайлы Жақсылық

Comments (0)
Add Comment