Жедел-құтқару қызметтеріне оңай жатталып, тез терілетін телефон нөмірлері берілген. Солардың ішінде өрт сөндіру қызметі – «101» бірінші тұр. Бұл демде лаулап, дес бермей кететін қызыл жалынның қауіптілігін ғана емес, өмірі өрт өтінде жүретін жандардың жұмысы қаншалықты қиын екендігін де айғақтаса керек.
Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Себебі бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін.
Өрт сөндіруші мамандығы – өте маңызды және қауіпті. Өрттерді шебер әрі тез сөндіру үшін ержүрек адам болу кемшілік етеді. Бұдан бөлек, нағыз маман өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу амалдарын білу қажет. Өрт сөндіруші епті әрі күшті болуы міндет. Ол үшін олар спортпен шұғылдануға үлкен назар аударады, жаттығу барысында өрт сөндіруде қолданылатын арнайы тәсілдер мен жаттығуларды шынықтырады. Өрт сөндірушілер әр минут сайын өз өмірлерін тәуекел етеді, өзіне қауіп төндіреді.
Құтқарушы мамандығында қызмет атқаратын қызметкер міндетті түрде ержүрек, төзімді, физикалық тұрғыдан дайын, сонымен қатар теориялық білімі мен өртпен күресуде практикалық дағдысы болуы керек. Бұл қасиеттердің барлығы Тараз қаласының №4 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Ернұр Ихраровтың бойынан табылады.
Ернұр Ихраров 2016 жылдың наурыз айынан бастап азаматтық қорғау органдарының қатарында және осы уақыт ішінде ол көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды, сонымен қатар өзін нағыз кәсіпқой маман ретінде көрсетті. Сонымен қатар облыс қана емес, республика аумағында да түрлі сипаттағы көптеген ауқымды өрттер мен төтенше жағдайларды жоюға қатысты.
Қаңтар айындағы іс-шаралар барысында көрсеткен кәсіби шеберлігі мен батылдығының арқасында ол жақында «Meyirimdi asyl adam» қайырымдылық қорының директоры атынан Алғыс хатқа, сондай-ақ «Жылдың үздік Халық батыры» марапатына ие болды.
Нағыз өрт сөндіруші шаршауды әрі «қолымнан келмейді» деген сөзді білмейді. Тәуліктің кез келген уақытында, тіпті аптап ыстық пен қақаған аязда ол отқа да, суға да түседі. Осылайша жүктелген жауапкершілікті арқалаған жандар үшін құтқару, көмектесу деген мақсат күн сайын бірінші орында тұрады.
Өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың қызметі әлемдегі ең ауыр, күрделі мамандықтардың бірінен саналады. Лауазымдарының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі.
Иә, өрт сөндіру сынды жауапты да қатерлі жұмыстарында жүрген ұжым мүшелерінің еңбегі қай жақтан болса да құрметке лайық. Халық «Өрт – тілсіз жау» деп тегін айтпаған. 19 қазан – Құтқарушылар күні ретінде өрт сөндіру мамандарының кәсіби күні болып белгіленген. Бірі білсе, бірі білмейтін бұл атаулы күннің маңызы зор. Өмір мен өлімнің арасында жүріп, ел үшін ерен еңбек сіңіріп жүрген азаматтар мақтан етуге тұрарлық.