Ертегілер әлеміне саяхат

«Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Нұр-бала» әлеуметтік жобасы аясында 4-10 жас аралығындағы психоневрологиялық ауытқуы мен тірек-қимыл қозғалысында ақауы бар балаларға «Тандыр» шайханасында «Таңғажайып Жаңа жыл» атты жаңа жылдық шырша кешін өткізді.

Жаңа жыл – әсіресе бүлдіршіндер үшін ерекше мереке. Олар өздерін ерте есейткен өмірге деген үмітін осы Жаңа жыл мерекесінен күтеді. Үміт артады. Жаңа жылмен бірге жақсылықтың келетініне сенеді. Сыйлыққа толы сиқырлы мерекеге қыздар қуыршақ, көбелек, тіпті бал арасы болып киінсе, ұлдар жаңа заманның заманауи кейіпкер- лері – супермен мен өрмекші адамнан бастап, сайқымазақ пен падишахқа айналып үлгеріпті. Шарада ертегіге сенетін балалар ерекше пейілмен шыршаны шыр айналып, Аяз ата мен Ақшақарды ортаға шақырып, мәз-мейрам болды. Өздерін асыға күткен ортаға балалардың жанарын қуанышқа бөлеп, Аяз ата мен Ақшақар, Шырша мен Барыс ортаға шығып, бүлдіршіндердің көңілін кіршіксіз түрлі түстерге бояуға атсалысты. Тақпақ айтып, би билеген балғын тәттіден құр қалмады.
– Жаңа жыл – балалардың шаттанып, кеуделері қуанышқа толып, мәз болып, ертегі еліне саяхаттайтын күні. Сондықтан біз бұл күнді барынша балалардың көңілінен шығатындай көңілді өткіземіз. Жаңа күн осындай ерекше перзенттерді жарылқап, жақсылығын ала келсін, – деді «Нұр-бала» жобасында педагог қызметін атқарушы Жансая Ажикова.
Мереке барысында түрлі ойын ойналды. Олардың ішінде «Ана мен бала» ойыны көңілге ерекше әсер етті. Балғындардың анасының көзін байлап, 5-6 бала кезек-кезек шөпілдете сүйді. Сол сәт көзі жұмулы ана өз баласының нешінші болып бетін сүйгенін табуға тиіс еді. Таң қаларлығы, бұл ойыннан бірде-бір ана мүлт кетпеді. Әр ана өмірінің мәніне айналған бала жүрегін дөп тауып жатты. Кеш соңында балаларға сый-сияпат табысталып, әннен шашу шашылды.
Сонымен қатар дәл осындай салтанатты кеш «Сиқырлы 2022 жыл» тақырыбында «Сұлтан сарай» мейрамханасында «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Үміт» әлеуметтік жобасы аясында өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Comments (0)
Add Comment