Бүгінгі таңда жастардың есірткіге тәуелді болуы ең өзекті мәселелердің бірі. Тарихқа сүйенсек, есірткіні біздің заманымызға дейін 3 мың жыл бұрын Қытай императоры, емші Шэнь-нунь ішек, жөтел ауруларының алдын алуға ұсынған екен.
Жалпы есірткі қолданушылардың басым бөлігі – мектеп оқушылары. Себебі, жасөспірімдер еліктегіш келеді. Соның салдарынан жаман әдетке бой алдырып, қалай тәуелді болып қалғанын өздері де сезбей қалады. Есірткінің кесірінен көптеген қылмыстар да жасалып жатады. Тіпті, уыттың әсерімен өз-өздеріне қол жұмсайтындардың да қарасы қалың.
Біздің елімізде есірткіні қолдануға қатаң тыйым салынған. ҚР Үкіметінің 1998 жылғы Қаулысымен бекітілген заттар тізімінде есірткінің 72 атауы көрсетілген.
Білім ордаларының жасөспірімдерді нашақорлықтан сақтандыру мақсатында сауалнамалалар, акциялар, түрлі жарыстар ұдайы ұйымдастырылып, педагог-психологтар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Себебі, бұл жоғарыда айтқанымыздай, ең көкейкесті мәселеге айналып отыр. Сондықтан, онымен күресіп, тамырына балта шабу адамзаттың жарқын болашағына жол ашады.
Бұл елімізді ғана емес, күллі әлемді алаңдатып отыр. Осы мақсатта БҰҰ есірткі бизнесін қадағалауды қолға алып, арнайы құжаттарды әзірледі.
Мамандар жастардың есірткіге әуестенуінің бірнеше себебін атап көрсетеді:
1) Ата-анасының бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауы;
2) Отбасы мүшелерінің бірі осы зиянды әдетке жақын болуы;
3) Әке-шешесінің жиі жанжалдасуы;
4) Жанұяда бір-біріне деген сүйіспеншіліктің болмауы;
5) Түсініспеушіліктің туындауы;
6) Достарының ықпалы.
Есірткі кімді болса да жарға жығады. Оның соңы – тек өкініш. Сондықтан ертеңін ойлаған адам есірткіден аулақ болғаны абзал.
Нұрсәуле Мырзағалиева,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Конвергентті журналистика» мамандығының 4 курс студенті