Ерназар ауылы сапалы ауызсуға қосылды

Жаңа жыл қарсаңында Ерназар ауылында ауызсу жүйесі ел игілігіне пайдалануға берілді. Тұрғындарды қуанышымен құттықтаған аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы:

– Елді мекендегі ескірген ауызсу құбыры көптен бері елді мезі етті. Бірде су сорғыш насосы істен шықса, енді бірде құбырдан ақау табылды. Бүгінде 25 шақырымға жуық ауызсу құбыры жаңартылып, ауызсу мұнарасы салынды. Мұндағы 297 аулада 1643 тұрғын тұрады. Ендігі кезекте ауыл азаматтары Жаңа жылды сапалы ауызсумен қарсы алуда. Жалпы биыл Бектөбе, Қызылшарық, Өрнек, Жаңаөткел ауылдарында осындай жұмыстар жүргізіліп келеді. Келер жылы ауданымыз 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту жоспарымызда бар, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Ауыл тұрғындары да ризашылықтарын білдірді.

– Жасырары жоқ, тіршілік нәрінің адам өміріндегі орны ерекше. Ескірген су жүйелері берекемізді алды. Енді міне, өздеріңіз көріп тұрғандай сапалы ауызсуға қол жеткіздік, – деді Қырқымбаев Төрехан

Ерназар ауылындағы ауызсу құрылысын «Байсын-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, 8 айда аяқтады.

Comments (0)
Add Comment