Адамзат тарихында қанмен жазылған Ұлы Отан соғысы әлі күнге ел есінен өшкен жоқ. Төрт жылға ұласқан сұрапыл майданға Жамбыл өңірінен 100 мыңнан аса боздақ аттанып, олардың жартысына жуығы жат жерде ажал құшты. Сондықтан олардың ерлігі мен есімін ұлықтап, тағзым ету – өскелең ұрпақтың айнымас борышы. Осы мақсатта Тараз төрінде бой көтерген еңселі нысандар жетерлік.
Сәні мен сәулеті келіскен сондай нысандардың бірі – қайта жаңғырған «Жеңіс» саябағы. Аталмыш саябақ аз уақыттың ішінде адам танымастай өзгеріп шыға келді. 15 гектарлық саябақ аумағындағы «Ерлік» мемориалды кешенінің нысандары көздің жауын алады. Облыстық драма театрдың алдынан көшіріліп әкелінген батыр Бауыржанның еңселі ескерткіші нағыз өз орнын тапты деуге болады. Ескерткіштің қос қапталында Жамбыл жерінен шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының «Алтын жұлдызы» жарқырап тұрса, алдындағы «Мәңгілік алау» ерлік пен өрліктің өшпес рухын асқақтатып, ұрпақ санасына «Даңқ» деген дана ұғымды ұқтырып тұрғандай. Кешенге кіретін бас қақпаның ені – 13, биіктігі 8 метрді құрап, алыстан көз тартып менмұндалайды. Мұнда жақұтқа бергісіз жәдігерлер көп-ақ. Әсіресе әріректегі 5 артиллериялық зеңбірек пен қаз-қатар сап түзеген 7 ауыр әскери техника да кешеннің мәні мен сәнін кіргізіп-ақ тұр.
Сонымен қатар Чернобыль апаты мен Ауған соғысына қатысқан ардагерлерге арналған ескерткіш композициялары да осы кешеннің ішінде орналасқан. Мұның бәрі де келісті мекеннің көркін ашып, сәнін келтіруде.
«Ерлік» мемориалдық кешені туралы сөз қозғағанда «Даңқ» залы туралы айтпай кетуге болмас. Жалпы аумағы 1 500 шаршы метрді құрайтын зал екі қабаттан тұрады. Жоба құны 546 миллион 769 мың теңгені құраған. Данқ залының бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Онда 1 000 шаршы метрге барлығы 1 миллион 500 мыңнан астам фотошежіре топтастырылған. Залдың бірінші бөлігінде орналасқан 1941, 1942, 1943, 1944 және 1945 жылдарға арналған қабырғалардағы суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдыңа алып келеді. Атап айтсақ, 1941 жылға арналған қабырғада «Барбаросса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқастың, генерал-майор И.Панфиловтың, «Отан ана», Б.Момышұлының, Н.Белашевтің және басқа да барлығы 100-ден астам фотосурет пен 200-ден аса құжат қойылған. Ал залдың 1942 жылға негізделген қабырғасы «Ленинград блокадасына» арналған. Онда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өренім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелер орын алған. 1943 жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастарына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан. Сол секілді 1944-45 жылдарға арналған қабырғада Қызыл Әскердің Еуропаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы берілген. Сондай-ақ залда «Рейхстагқа ту тігу» барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруі және Жеңістің 70 жылдығына арналған Астана қаласында өткен салтанатты шараның суреттері де көрініс тапқан. Жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медаліне де осы залдан орын бұйырған.
Нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Орталықта Б.Момышұлының балалық шағынан кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей және көркемсурет бұрышы құрылған. Онда негізінен майдангер-қаламгердің шығармашылық-тұлғалық болмысын айшықтауға басымдық берілген. Орталық ішінде Баукеңнің шығармашылығына арналған кітапханалық бұрыш пен жиын өткізуге арналған конференция залы жасақталған. Сонымен қатар деректер жинақтайтын мамандарға арналған үш қызметтік бөлме мен бір фотолаборатория қарастырылған.
Жансая БАЗАРБАЕВА