Ерлік ұмытылмайды

Ел тарихындағы батырлардың есімдерін ұлықтап, қасиет тұту – бүгінгі ұрпақтың парызы. Ал қазақ халқының қайсар мінезін көрсеткен Ақәділ Суханбаевтың жасаған ерлігі ұрпақтың мәңгі жадында. Оққа қарсы тұрған ұлтымыздың ұлы перзентінің туғанына 100 жыл толуына орай тараздықтар батырды еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Зере ҚУАНЫШ. Суретті түсірген Кирилл БЕРДЕЦКИЙ

Әуелі жиылған көпшілік ерлік жасаған Ақәділ Суханбаевты 1 минут үнсіздікпен еске алды. Кейіннен батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Ақәділ Суханбаев 1920 жылы Байзақ ауданында дүниеге келген. 1941 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Ол 174-ші Борисовск Қызыл тулы атқыштар дивизиясының 628-ші Гродненск Қызыл тулы полкіндегі 1-батальон құрамында болған. Сұрапыл соғыста Белоруссия, Польша, Литва елдерінде болған шайқастарда өшпес ерліктің үлгісін көрсетті. Сұм соғыстың бірінде Александр Матросовтың ерлігін қайталап, пулеметтің амбразурасын өз денесімен жапқан.

Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған облыстық, қалалық әкімдіктің қызметкерлері мен өкілдері кезек-кезегімен гүл шоқтарын қойып, батырдың рухына тағзым етті.

– Теңдессіз ерлік жасаған ағамызды еске алу мақсатында ұйымдастырылған шараның жастарға берері мол. Халқымыздың перзенті тірі болғанда ғасырдың куәсі болар еді. Оның қайсарлығы мен ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Қазақ елі тұрғанда, ол кісінің есімі ұмытылмайды, мәңгілік жасайды, – деді облыстың Құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев.

Иә, өмірінің бір бөлігін, албырт жастық шағын оқ пен оттың арасында өткізген Ақәділ Суханбаевтың ерлігі жас ұрпақтың мәңгі жадында сақталмақ. Ал бейбіт дәуірде Ақәділ Суханбаевтың ерлік өнегесі жастарды отаншылдыққа, ерлікке тәрбиелеуге сеп болары сөзсіз.

Comments (0)
Add Comment