Ерлік ұмытылмайды

Ұлы Отан соғысының батыры Ағәділ Сухамбаевтың ерлік жасаған күніне орай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Есімі ел есінде қалған ердің ескерткішіне тағзым етушілердің арасында Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев, қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай және қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев те болды.
1920 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданында дүниеге келген Ағәділ Сухамбаев 1941 жылы Қызыл Армия қатарына шақыртылған. Ол 174-ші Қызыл тулы Борисовск атқыштар дивизиясының 628-ші Гродненск Қызыл Тулы полкінің 1-ші батальоны құрамында болған.
Сұрапыл соғыста Белоруссияны, Польшаны, Литваны азат ету үшін болған шайқастарда Ағәділ Сухамбаев өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен. Стжельцовизна деп аталатын поляк деревнясы үшін болған жойқын ұрыста Александр Матросовтың ерлігін қайталап, пулеметтен оқ шашқан дзоттың амбразурасын өз денесімен жапқан. Осындай ерен ерлігімен ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен батырдың ескерткішіне гүл қоюға атасы Зейнет Кәрібжанмен бірге немересі Батыр да келіпті. Батыр бүгінде спортпен шұғылданатынын, өскенде елі мен жерін қорғағысы келетінін айтты. Атасы Зейнет немересінің есімін батыр болсын деп ырымдап қойғанын жеткізді. Жас ұлан расында атына заты сай болып өсіп келе жатқанын байқатты.
– Мен қазақ батырлары туралы көп оқып, ізденемін. Биыл жазғы демалыста Бауыржан Момышұлы батыр атамның ерлік, Отан туралы айтқан нақыл сөздері мен «Ұшқан ұя» атты кітабын оқып шықтым. Ержүрек болып өсу үшін туған жеріңді, еліңді сүйіп, қорғауың керек екенін түсіндім. Өзім де мектеп бітірген соң, әскерге барып, Отанымды қорғағым келеді. Ағәділ ата сияқты жаужүрек боламын. Мен батырларды үлгі тұтамын, – дейді алқызыл қалампыр гүлін батыр ескерткішіне қойып, елжірей үн қатқан Батыр бала.

Comments (0)
Add Comment