Ерлік ескерусіз қалмайды

Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті, темірдей тәртіп пен рухани беріктікті талап етеді. Бұл қызметтің өкілдері кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға бар күш-жігерін салады. Осындай ерлік пен табандылықтың жарқын үлгісін облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау подполковнигі Шынболат Әзімбаев көрсетіп келеді.

1989 жылы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша тәмамдап, Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде жедел кезекші қызметін атқарып келеді. Алғаш қызметке тұрған күннен бастап-ақ Шынболат өзін еңбекқор, тәртіпті және адал қызметкер ретінде таныта білді.
Көптің есінде қалған 2021 жылдың 26 тамызындағы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімінде болған алапат жарылыс кезінде оның ерлігі ерекше көрінді. Бөлімге хабар түскен бойда ол өз бөлімшесімен бірге алғашқы болып оқиға орнына аттанды. Қатты түтін шығып жатқан қоймада өрттің болғанын анықтап, бұл туралы орталық байланыс пунктіне баяндады. Кейін жеке құраммен бірге Қызылқайнар ауылының тұрғындарын эвакуациялауға кірісіп, өртті сөндіру ісіне белсене араласты.
– Өрт сөндіру мамандығын таңдауыма әкем себеп болды. Ол да өмір бойы осы салада еңбек етіп, зейнетке шыққан. Мен әкемнің жолын жалғап, осы қызметті таңдадым. Жұбайым да бұл саладан алыс емес – ол «112» кезекші нөмірінде диспетчер болып істейді.
Кез келген төтенше жағдайда өрт сөндіруші ең алдымен өз өмірін емес, адамдардың амандығын, өрттің таралу қаупін ойлайды. Нағыз өрт сөндіруші батыл, қызметіне адал және қорқынышын жеңе білетін адам болуы керек, – дейді Шынболат Берікұлы.
Сонымен бірге биыл 7 қыркүйекте ол шаһардағы «Астана» шағынауданындағы өртенген тұрғын үйден 20 адамды эвакуациялап, құлыптаулы пәтерден үш баланы алып шықты. Сол оқиға кезінде өзі де жарақат алғанымен, қызметінен бас тартпады.

Сондай-ақ оның жетекшілігімен «Жамбыл Полимер» зауыты аумағындағы өрт оқшауланып, басқа өндіріс орындарына жайылуына жол берілмеді. Өйткені онда жойқын жарылысқа себеп болатын газ баллондары бар еді.
Дәл осындай ерен ерліктері үшін Шынболат Әзімбаев Құтқарушылар күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Салтанатты шарада Президент сала қызметкерлері мен құтқарушылар әрқашан ел қамын ойлап, азаматтардың қауіпсіздігін күзететінін айырықша атап өтті.
– Өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігу – нағыз ерлік. Қиындыққа тап болған жандар ең алдымен құтқарушылардан көмек күтеді. Бүгінде азаматтық қорғау саласының қызметкерлері өз міндетін мінсіз атқарып келеді. Олар сын сағатта жанқиярлық көрсетуге дайын тұрады. Тіпті осы жолда құрбан болған ерлеріміз аз емес. Өткен отыз жылда 72 құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Біз батырларымыздың есімін ешқашан ұмытпаймыз. Олар отаншылдық пен антқа адал болудың тамаша үлгісін көрсетті. Сондықтан өмірін құтқару ісіне арнаған ерлердің есімдерін тарихымызда мәңгі сақтау үшін тиісті іс-әрекеттерді дер кезінде қолдануымыз керек. Нағыз ерлік жасаған батыл азаматтарымыздың рухына тағзым ете отырып, олардың есімдерін ел ішінде ұлықтай беруіміз қажет. Халқымыз «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деп айтқан. Түптеп келгенде, қайсар рухты құтқарушыларымыз әділетті және қауіпсіз Қазақстанды құруға мол үлес қосып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Күні кеше Астанадан абыроймен оралған азаматын әулиеаталықтар Тараз теміржол вокзалынан салтанатты түрде күтіп алды.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан марапат алғаныма өте қуаныштымын. Бұған дейін мұндай марапат алған емеспін. Президентке, министрлікке және Төтенше жағдайлар департаменті басшылық құрамына біздің еңбегімізді бағалағаны үшін алғыс айтамын, – деді Ш.Берікұлы.
Айта кетейік, кейіпкеріміз – қоян-қолтық жекпе-жек спортынан спорт шебері, дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер, сондай-ақ қол күрестен ТЖМ атынан бес мәрте Қазақстан Республикасының чемпионы. Сонымен қатар ол – Қазақстан Республикасы ТЖМ-нің 30 жылдығына орай Тараз қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімі маңында орнатылған ерекше өрт сөндіру аялдамасының авторы және бастамашысы. Міне, осындай іскерлігімен кеудесінде орден жарқыраған қарапайым еңбек адамының алар асуы әлі алда деп сенеміз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment