Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты тағзым эстафетасы Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатына келіп жетті. Осыған орай, 5513 әскери бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп қабырғасында қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысының жеңісіне қосқан үлесі турасында тақырыптық кеш өтті.

Бәтес ШАПАҒАТ
Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Аталмыш эстафета 5 ақпанда Алматы қаласынан басталып, Тараздағы бірнеше нысанда ұйымдастырылды. Шараның оңтүстік астанадан бастау алғанында өзіндік мән бар. Генерал-майор Иван Васильевич Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы Алматы қаласында жасақталған болатын. Эстафетаның негізгі атрибуты ретінде аталмыш дивизияның Жауынгерлік Туының көшірмесі таңдалып алынған. №5513 әскери бөлімінің сарбаздары ту көшірмесін мектеп-интернатқа арнайы әскери қарауылмен алып келіп, оқушылардың назарына ұсынды. Эстафета ұрыс алаңында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу мақсатында бір минут үнсіздікпен басталды. Патриоттық мәндегі тәрбие сағатына мектептің «Жас сарбаздар», «Жас бүркіт» клубының мүшелері және 6-9 сыныптың оқушылары қатысты. Шарада сөз алған мектеп директоры Ельмира Жақсылықова эстафетаның мән-маңызына жеке тоқталып өтті.
– «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасының біздің мектепке жолданғаны – үлкен абырой. Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр жауынгерлеріміз бен ардагерлеріміздің ерлігін жас ұрпақ естен шығармауы тиіс. Эстафетаның дәл осы мектептің қабырғасында жалғасуында бөлек мағына бар екенін айтқым келеді. Нұрғиса Тілендиев – Ұлы Отан соғысының ардагері. Майдан даласында жүріп ол үш рет жарақаттанған. 1943 жылы 16 жастағы жауынгер Тілендиев 316-атқыштар дивизиясының командирі, жерлесіміз Бауыржан Момышұлына арнайы тапсырмамен құпия құжат тапсырған. Бұл туралы Нұрғиса Атабайұлы өзінің естелік кітабындағы «Шпион» деген әңгімеде баяндаған болатын, – деді Ельмира Сауқынбекқызы.
Бұдан әрі оқушылар алдында 5513 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Дамир Касимов сөз алып, жастарға шаһарда Ұлы Отан соғысының 35 ардагері ғана қалғанын айтып, Жеңістің 75 жылдығында да, басқа күндері де қарттарға ерекше құрмет көрсетіп, тарихқа тағзым ету керектігін жеткізді.
Патриоттық шарада мектеп оқушылары майдан даласындағы бабалардың ерен ерліктері дәріптелген жыр шумақтарын оқып, әскери әндер шырқап, таланттарын ортаға салды. 316-атқыштар дивизиясының жауынгерлік туын әскери қарауылмен салтанатты түрде шығарып салды. Тағзым эстафетасын мектеп ұжымы әрі қарай Түркістан облысына жолдады.
Шара соңында оқушылар Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығы құрметіне көкке 75 шар ұшырып, қан майданда жаумен алысқан бабалар рухына тағзым етті.

Comments (0)
Add Comment