Ерлігі – үлгі, ісі – өнеге

Майдангер Алтай Қартабаевтың ғибратты ғұмыры

Соғыс. Осы бес әріптен құралған бір ауыз сөздің астарында қаншама елдің тағдыры, талай адамның зар-мұңы жатыр. Аңыраған ана, қаңыраған үй, еркелігін ұмытқан жетім – осының бәрі айтуға ауыр бір ғана ұғымның аясына сыйып кетеді. Жесір әйелдің жанарындағы жас пен жетімектің деміндегі күрсініс – қасіретті сол күндердің өшпес айғағы.

Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен ерлер қай заманда да аз болған жоқ. Халықтың басына қайғының қара бұлты үйірілген сондай бір шақтарда үйде жатуды ар санаған Алтай Қартабаев майданға аттанды.
Алтай Әбенұлы 1923 жылы 25 қазанда Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Байқоңыр елді мекенінде, елге сыйлы, бай-қуатты отбасында дүниеге келген. Атасы Қартабай Елденұлы – аузы дуалы, Ұлытау жеріне белгілі би болған. Алдына келген дауды екі ауыз сөзбен шешетін турашыл шешендігімен, жетім-жесірге қайырымы мол жомарттығымен аты шыққан адам екен. 90 жасқа жетіп өмірден озған әкесі Әбен де тірлігін дөңгелетіп, шаруасына мығым азамат болған. Шамасының келгенінше ағайын-туысқа қарайласып, жоқ-жітіктен жәрдемін аямаған. Өкініштісі сол, анасы Изагүл Тұрғынбекқызы өмірден ерте озды. Анасынан жастай жетім қалған Алтайды өмірдің өзі ер мінезді, қайтпас қайсар етіп тәрбиелеп, болаттай берік қылып шыңдады. Осылайша ұшқан ұясынан алған өнегесі оның бойында Отанға деген зор сүйіспеншілікті қалыптастырды.
Бұл кез ұлы Отан соғысы басталып, жастардың әскер қатарына шақырылып жатқан шағы еді. Есеп-санақ техникумында оқып жүрген кезінде бозбала Алтай Ржевтегі соғыс училищесіне жіберіліп, қысқа мерзімде оқу жаттығуынан өтті. Сөйтіп, небәрі 18 жасқа толар-толмас шағында қолын қару алып, 1942 жылдың шілдесінде 1-ші Украин майданы, 723-ші атқыштар полкінің құрамындағы 395-СД пулемет взводының сапында ұрысқа кіреді.
Сталинградты қорғау үшін жүріп жатқан қиян-кескі шайқастарға белсене қатысып, ерен ерлігімен көзге түсті. Одан кейін толарсақтан саз кешіп жүріп Украина жерін басқыншылардан азат ету жорықтарына, Чехославакия, Югославия елдерін неміс фашистерінен тазарту соғыстарында және Берлинді шабуылдау операциясына араласып, бойындағы жігері мен қайсарлығын сан мәрте паш етті. Осылайша Рейхстаг төбесіне тігілген қызыл туды алғашқылардың бірі болып көрді. Қан майданда жүргенде аяғына оқ тиіп, ауыр жарақат алады. Бірер уақыт госпитальда жатып, ем алған соң, қайтадан соғыс даласына аттанады.
Соғыс жорығын Берлиннің түбінде аяқтаған лейтенант Алтай Қартабаев жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденін және өзге де 10-нан астам медальді кеудесінде жарқыратып, 1946 жылы аман-есен туған елге оралады. Майдангердің одан кейінгі ғұмыры киелі Әулиеата жерімен тығыз байланысты. Алтай Әбенұлы осында жүріп еңбек майданының да беделді сардарына айналды. Бастапқыда әр жылдары облыстық комсомол ұйымы мен облыстық кәсіподақ комитетіне басшылық етті. Кейін 1966 жылдан бастап табаны күректей жиырма жыл бойы Жамбыл қалалық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Майдангердің абыройының еселеніп, беделдің биігіне көтерілгені де осы уақыт еді. Ол кезде Жамбыл жері бүкіл Кеңес Одағына ірі кәсіпорындарымен танымал алып өндіріс орталығы еді. Сол кәсіпорындарға жұмыс істеуге жан-жақтан жас мамандар ағылып келіп жатты. Осы білікті кадрларды қарым-қабілетіне қарай іріктеп, оларға қолайлы жағдай туғызу кейіпкеріміздің мойнына жүктелді. Жастайынан адал еңбекпен шыңдалып өскен дарынды меңгеруші бұл істі де ойдағыдай орындап шықты. Білікті мамандардың арқасында Жамбыл облысы тек республика ғана емес, одақ көлеміндегі іргелі аймақтардың қатарына қосылды. Бұған Алтай Қартабаевтың да қосқан үлесі қомақты. Жамбыл жері – бүгінгі күні де химия өндірісінің көшін бастап тұрған облыстардың бірегейі. Алып өндіріс ошақтарының әлі күнге дейін сақталып тұруында да Алтай Әбенұлының қолтаңбасы сайрап тұр. Демек, оның облысқа сіңірген еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды.
Кешегі жауынгер Алтай Әбенұлы қай қызметке барса да, тек өзінің алғырлығымен, тиянақтылығымен, зор жауапкершілігімен көзге түсті. Сексенінші жылдары Жамбыл қалалық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметін атқарған Любовь Ивановна Накрякованың ол кісімен қызметтес болған жылдарды өмірімнің ең бір елеулі кезеңі дей келе: «Өмірде әр адам өзіндік із қалдырады. Біреу жақсы, біреу жаман дегендей, ал біздің қадірлі Алтай Әбенұлы жайлы еске алғанда, көз алдыма әлі тәртіпке қатал, қызметіне мығым, адал адам келеді. Ол кісінің бейнесі арада талай жылдар өтсе де, әлі көз алдымда. Өте таза және талғаммен киінетін. Бөлімдегі қызметкерлерден де осыны талап етеді. Оны дауыс көтеріп ұрысып емес, жай ғана ақыл айта отырып жеткізетін. Жүрегі жұмсақ еді. Мен ол кісінің қарамағында істеп, үлкен тәлім-тәрбие алып, кейін жауапты қызметтер атқарған талай азаматтарды білемін. Олар үнемі Алтай Әбенұлына алғыстарын білдіретін», – деп еске алғаны бар.
Ал Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Тараз қаласының Құрметті азаматы Берікшал Имашов сол кездегі әріптесі туралы: «Ол жылдары құрылыс қарқын алып, жұмыс бастан асатын. Бай тәжірибесі бар, өз ісіне адал байырғы маман кадр жұмысын жолға қойды. Алтай Әбенұлына құрметпен қарайтынбыз. Өзіне қалай талап қойса, өзгеге де солай талап қоятыны риза етті», – деп тебіренген екен.
Мұндай жылы естеліктер жетіп артылады. Осының өзі – Алтай Қартабаевтың білгір басшы, білікті ұйымдастырушы бола білгенінің анық айғағы.
Ол 1985 жылы республикалық мәні бар дербес зейнетке шыққаннан кейін де қоғам өмірінен қол үзбей, 1986-1989 жылдары «Жамбылсуқұрылыс» мекемесінде кадр бақылаушысы қызметін абыроймен атқарды. Бұл жерде де бар білгенін жас буынға үйретіп, тәжірибесімен бөлісуден бір сәтке де тартынған жоқ. Оның ел дамуы жолындағы еселі еңбегі Қазақ ССР Жоғары Советінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен және түрлі медальдарымен айшықталды.
Соғыста аяғынан алған жарақаты бейбіт өмірде оған кері әсерін тигізбей қоймады. Ауыр жарақаттың ізі оны әбден сарсаңға салып, жүрегіне жүк түсірді. Ақырында соның салдарынан 1992 жылы қайтыс болды.
Фәниден бақиға бет түзегеннен кейін де оның есімі ескерусіз қалған емес. Айталық, 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына орай Таразда өзі тұрған Абай даңғылы, №160 үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.
Алтай Әбенұлы тек жауапты маман, қайсар жауынгер ғана емес, отбасының тірегі, асқар таудай әке, аяулы отағасы бола білді. Бес бірдей перзент сүйіп, олардың әрқайсысының жүрегіне адалдық, тазалық пен ізгіліктің дәнін септі. Ұлдары Бейбіт пен Бітім, қыздары Нәзима, Әлима және Рәсима – өмірден өз орындарын тапқан бақытты перзенттер. Тек осыдан 1 жарым жылдан астам уақыт бұрын қызы Нәзима дүниеден озды. Қалғандарының көзі тірі. Олардан тараған ұрпақтар да, тіл-көзіміз тасқа, бүгінде бір қауым елге айналған. Барлығы да аталарына ұқсап туралықты ту, шындықты шырақ етіп ұстап келеді.
Әрине, қазақ даласында жауға қарсы тұрып, көзсіз ерлік көрсеткен қаһармандар жетерлік. Олардың барлығы қандай құрметке болса да лайық. Таулардың алыстаған сайын биіктейтіні тәрізді, жылдар өткен сайын кешегі жауынгерлердің де даңқы арта түсуде. Алтай Қартабаев та солардың сапында. Оның ерлігінен үлгі, тағдырынан тағылым алатын халқы барда есімі ешқашан ұмытылмайды.

Құрбанәлі АМАНКЕЛДІҰЛЫ

Comments (0)
Add Comment