Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жарылыс салдарынан қаза тапқан Халық қаһарманы Мейіржан Айманов пен өзге де қызметкерлерді еске алу шарасы өтті.
Жиын барысында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы мен жаужүрек ерлердің туыстары батырдың ескерткіш-бюстіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Жиналған қауым елі үшін өткен ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, олар жайлы естеліктерін бөлісті.
Арада төрт жыл өтсе де құтқарушылар мен әскери қызметшілердің өмірін қиған қайғылы оқиға ел есінен бір сәтке де ұмытылған емес. Олар соңына дейін қызметтік борышын атқарып, өзгенің өмірін құтқару жолында жанын пида етті. Қаһармандардың ерлігі облыс қана емес, ел тарихында мәңгілік сақталады.
«JT»-ақпарат