Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бүгін Сенат бірінші оқылымда мақұлдаған «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңға қатысты пікір білдірді.
Ол заң жобасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларының бірі екенін атап өтті.
«Заң жобасын әзірлеуге Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың мүшелері белсене атсалысты. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қылмыс деп танылуы, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаның күшейтілуі және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған түрлі шаралардың белгіленуі заңның негізгі жаңашылдығы деп атауға болады», – дейді Қарин.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, әйелдер мен балалардың іргелі құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттағы басымдықтың бірі.
«Бұл мәселе қашанда Мемлекет басшысының басты назарында. Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықты ымырасыз күрес жүргізуді қажет ететін әлеуметтік кеселдің бірі ретінде атап өтті», – дейді ол.