Еркектен ес кетсе…

Отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артып отыр. «Тирандардан» зәбір көрген қыз-келіншектер дағдарыс орталығының есігін паналап, күйеуінің «ашуы» басылғанша сонда қалады. Ал әйел адамды өз үйінен қашып, өзгенің есігін паналауға жеткізіп жүрген ерлердің өздеріне дағдарыс орталығы керек емес пе?! Саралап көрелік.

Арайлым Шабденова

Жамбыл облысы Полиция департаментінің берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, ағымдағы жылдың тоғыз айында әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі бойынша 14 қылмыстық іс тіркеліпті. Оның 2-уі өліммен аяқталған. Ал 5 факті денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру болса, 4 іс денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат салу, 3 факті түрлі жағдай бойынша тіркелген. Өткен жылы мұндай жағдайдың 10-ы тіркелсе, биылғы көрсеткіш 40 пайызға артып отыр. Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша – 814, тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтар –321, ұрып-соғу–328 факті тіркелген. Ал ағымдағы жылы полиция органдарына профилактикалық есепке «қорғау нұсқамасы» санаты бойынша – 2576 адам алынса, 262 адамға сот құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеген. Демек ерлермен де жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар керек.

– Пандемияға байланысты отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайының құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу түрі өзгерді. Бұрын құқық қорғау органдарының қызметкерлері халықты құқықтық түсіндіру жұмыстарына жинап, онда өмірдің барлық аспектілері мен өзекті мәселелер айтылатын. Осыған байланысты біз тек адрестік және факт бойынша ғана жұмыс істейміз. Мысалы, әрбір ауылдық әйел өзінің құқықтық көкжиегін кеңейту үшін онлайн-конференцияға қосыла бермейді. Әрине, біз күн сайын профилактикалық жұмыс жүргіземіз, бірақ бұл полицияның назарына түскен адамдармен ғана өтеді. Қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарға олардың тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға қосқан үлесі үшін алғыс айтқым келеді. Көп жылдар бойы полиция органдарымен «Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ, облыстық ҚХА жанындағы «Аналар кеңесі», «Болашақ», «Отандастар» және т.б. ұйымдар, сондай-ақ әйелдер мен балалар құқықтарының бұзылуына күдік туындаған кезде полиция органдарына сигнал беретін мемлекеттік органдар, білім беру, денсаулық сақтау біздермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Өйткені әрбір әйел өзінің отбасындағы жанжалды сыртқа шығармайды. Біздің қарым-қатынасымыз отбасыларды сақтап қалуда да көмектеседі, – дейді Жамбыл облыстық полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға испекторы Ақмарал Жанисова.

Елімізде әйелдерге арналған дағдарыс орталығы 2003 жылдан бері жұмыс істейді екен. Күйеулерінен зәбір көрген қыз-келіншектермен түрлі сала мамандары жұмыс істейді. Бірақ жасалынып жатқан жұмыстар тек бір жақты. Мамандар да ерлерге арналған дағдарыс орталығы түйіткілді мәселенің түйінін шешуге сәл де болсын көмек дейді.

– Шыны керек дағдарыс орталығынан шыққан әйелдер үйлеріне қайта барады. Олар шаңыраққа барғаннан кейін қайта қысым көреді, жағдай қайталанады. Бұл тұста зәбір көрсететін ер адам болғандықтан олармен де түрлі сала мамандары жұмыс жасау керек. Отбасында болатын келіспеушіліктер ұдайы екі тараптан болады. Әйел адамдармен қатар ер адамдардың да мәселелерін қатар көтеру керек. Олар стреске, қиын жағдайға төзе алмайтын болып келеді. Ішімдік ішіп, тпті кейбірі анаша шегіп отбасына келіп зәбір көрсетеді. Сондықтан дағдарыс орталығын әзірше пилоттық жоба ретінде ашып, жұмыс жақсарып жатса, нәтиже болса ондай орталықтарды көбейту керек, – дейді психолог Жазира Сұлтанбекова.

Иә, Еуропа елдерінде мұндай орталықтар «шелтер» яғни ерлердің мәселелерін шешуге арналған орталық деп аталады. Тіпті көршілес Ресей мемлекетінде де мұндай орталықтар көптеп кездеседі. Мұндай орталықтарға агрессивті ер адамдар өз еріктерімен және сот шешімімен де жіберіледі екен. Шет елдің тәжирибесіне сүйенер болсақ мұндай орталықтардан кеңес алып, мамандармен жұмыс істеп шыққан ер адам отбасына барып, әйел бала-шағасымен отырып одан әрі отбасын сақтап қалу немесе ажырасу туралы шешім қабылдайды екен. Бұл орайда біздің елімізге ерлерге арналған дағдарыс орталығы керек пе? деген сауалдың жауабы да сан түрлі болары хақ. Десек те шаңырағымыз шайқалмай, балаларымыз жыламасын десек тек әйелдермен ғана емес ер азаматтармен де жұмыс жасалу керек. Өз мәселелерінің шешімін шөлмектен іздеп, сылқия тойып, мас күйінде отбасына зорлық-зомбылық көрсететін «тирандардың» көбеймеуін қаласақ бұл шешімін күттірмейтін мәселе екені сөзсіз. Сіздіңше, ерлерге арналған дағдарыс орталығы керек пе? Өз ойларыңызды қалдырыңыздар ардақты оқырман.

Comments (0)
Add Comment