Еріктілердің еңбегі ерен

Ерікті жастарымыз барда ел еңсесі биік болатынына еш күмән жоқ. Қауіпті коронавирус кезінде де ерікті жастар халыққа көмек көрсетіп, алғысқа бөленді. Ел басына қатер төнген қаңтар оқиғасы кезінде де осы жастар жұдырықтай жұмылып, ерен ерліктің үлгісін көрсетті.

Бүгінде облыс бойынша волонтерлік жұмысты жандандыру мақсатында 12 бағытты қамтыған 796 іс-шара өткізіліп, оған 10 387 адам қамтылған. Сондай-ақ «Қоғамдық сақшы», «Qamqor», «Тегін такси», «Ашық диалог», «Жастар уақыты», «QAZ IQ», «Кітап сыйла», «ТазаLike», «Әкелер мектебі», «Енелер мектебі», «Келіндер клубы» сынды жобалар да жүзеге асуда. Жоғарыда айтқанымыздай, қаңтар оқиғасында жастарымыз да алаңнан табылып, олардан арнайы пулдар жасақталып, шеруге шыққан азаматтарға түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді. Олардың қатарында танымал спортшылар, жастар ұйымдарының көшбасшылары, ақындар мен өзге де салалардың белсенділері болды.
Қазіргі таңда облысымызда құрылған «Әулиеата жастары» волонтерлер штабында 50 ерікті жұмыс істейді. Штаб төтенше жағдай және коменданттық сағат кезінде халыққа жүріп-тұруы бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рейдтік шараларға қатысып, әлеуметтік осал топтағы халыққа азық-түлік тарату сынды қайырымдылық жұмыстарымен айналысады. Ғылыми және шығармашылық, зиялы қауым, оқу орындарының профессор-оқытушы құрамы, үкіметтік емес жастар ұйымдарынан және белсенді студент жастардан құралған топ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын және Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан» идеясы аясындағы тапсырмаларды түсіндіру мақсатында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерімен кездесулер де өткізіп тұрады. Мәселен, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Алғыс айтамын бәріңе» атты акция, жастар көп шоғырланған орындарда түрлі тақырыптарда акустикалық кештер, «Наурыз FEST» кешенді іс-шарасы, облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, Тараз қаласы мен барлық аудандық орта мектептеріндегі пікірсайыс клуб жетекшілерінің біліктілігін арттыру курсы, облыс әкімінің жастармен кездесуі, «Ұлттың ұлы ұстазы» атты пікірсайыс турнирі, жас отбасыларға неке қию куәлігін табыстау рәсімі, «Шынның жүзі – Шер-аға» тақырыбында студенттер арасында дебат, «Бір шаңырақ астында» атты ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, «Жастар жаңа Қазақстанмен бірге!», «Мен Отанды қорғауға дайынмын!», «Әскердегі бір күн» акциялары, кіші футболдан «JAMBYL CUP – 2022» облыстық турнирі, жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі. Аталған шаралар әскери-патриоттық, спорттық, құқықтық, діни экстремизм мен терроризм, этносаралық бағыттарды қамтыды. Бұдан бөлек, Жамбыл, Меркі, Шу, Қордай секілді өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған аудандарда этносаралық келісімді нығайтуға арналған іс-шаралар да үздіксіз жалғасуда.
Өкінішке қарай, бүгінде жастармен жасалған қылмыс 17,2 пайызды көрсеткен. Әсіресе Тараз қаласы мен Қордай, Шу, Меркі аудандарында қылмыс саны артып отыр екен. Сол сияқты алкогольді тұтынушылар санатында 176, есірткі заттарды қолданатындар санатында 434 жас тіркелген. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып, жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу бойынша профилактикалық шаралар өткізу жолға қойылған. Мәселен, «Қоғамдық сақшы» жобасы аясында ғимараттардың қабырғаларындағы синтетикалық есірткі құралдарын жарнамалайтын граффити жазуларды жою бойынша жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, шаһардағы полиция қызметкерлерінің қатысуымен облыс орталығының тұрғын үйлері мен ғимараттарының қабырғаларынан есірткі заттарды жарнамалайтын кодтық сөздері мен байланыс нөмірлері бар жазулардың граффитиін алып тастау бойынша 17 іс-шара өткізіліп, оған 50-ге жуық жас волонтер тартылған. Нәтижесінде қала бойынша 100-ден астам жазба жойылған.
Облыстық «Еріктілер қозғалысы» волонтерлік ұйымының төрайымы Динара Берекееваның айтуынша, өңір жастарының белсенділігі күн санап артып келеді екен.
– Мұның басты себебі – аймақта белсенді жастар ұйымы көптеп құрылуда. «Ақсұңқар», «Жібек жолы», «Тараз жастары» сияқты ұйымдарды ерекше атап өтуге болады. Олар әрдайым пайдалы іс-шараларды өткізіп тұрады. Әсіресе қоғам дертіне айналған есірткіні жою жолында белсенді жұмыстар атқарып жүр. «Таза әлем» жобасы аясында сенбіліктер ұйымдастырып, шаһарымыздың тазалығы үшін бар күштерін салуда. Түнгі рейдтерге де шығып, белсенділіктерін көрсетуден еш уақытта жалыққан емес, – дейді Динара Бауыржанқызы.
Тағы бір айта кетерлігі, жастардың демалысын тиімді өткізу мақсатында сарбаздар арасында спорттық ойындардан жарыстар, өнер байқаулары сияқты іс-шаралар жиі ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері қала және аудандарда Жастар ресурстық орталықтарының бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес «Рухани-адамгершілік», «Мәдени-шығармашылық», «Дін», «Экологиялық мәдениет», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» сынды 11 бағыт бойынша көптеген шаралар өткен. Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудандарда «Asyl mura», «Bilim», «Qamqor», «Saylyq», «Sabaqtastyq» сынды 12 бағыт бойынша 10 387 адамды қамтыған 796 іс-шара өткізіліп, көпшілік көңілінен шыққан.
Ерікті жастарымыз әрбір істе белсенділік танытып, қолдан келген көмектерін аямауда. Осылайша келешегіміздің кемел болуына үлес қосуда. Себебі осындай жастарымыз барда мемлекетіміз ғұмырлы, тәуелсіздігіміз тұғырлы болары сөзсіз.

Жұматай Көксубайұлы

Comments (0)
Add Comment