Еріктілер тегін бетперде таратты

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қалалық емханаларда да жұмыс күшейтілді. Бұл орайда қалалық емханаларға қарасты созылмалы аурулары бар науқастарға еріктілер тегін бетперделер таратты.

Арайлым Шабденова Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Бас санитариялық дәрігердің «ҚР халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы» Қаулысын орындау барысында №9 қалалық емханада эпидемияға қарсы режим күшейтілген және коронавирус инфекциясы бойынша мобильді топ құрылып, алгоритм бойынша жұмыс істеуде екен.
– Емхана бойынша жеке қорғаныс құралдары бір ретті және көп ретті I-II типтегі обаға қарсы костюмдер, респираторлар, антисептиктер, бетперделер және дезинфекциялық жабдықтар жеткілікті мөлшерде қамтылған. Емханаға келетін емделушілердің күнделікті ағымын азайту мақсатында қашықтықтан дәрігерлік консультация беру және рецепттерді онлайн беру, дәрі-дәрмектерді үйіне жеткізу қарастырылған. Емханаға келетін күдікті науқастарды арнайы оқшаулау үшін фильтр кабинеті толықтай жабдықталған. Медицина қызметкерлеріне үнемі дәрігер-эпидемиологтар семинарлар өткізуде, – деді №9 қалалық емхананың дәрігер-эксперті Мейіржан Жасұзақ.
Жалпы бұл шараны Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Бір күнде емханаға тіркелген 500-ге жуық науқастың үйін аралап, тегін бетперде таратқан еріктілердің басы-қасында орталық басшысының міндетін атқарушы Абзал Есіркепов жүрді. Оның айтуынша, мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Еріктілер қала бойынша емханаларда тіркелген созылмалы ауруы бар науқастарға тегін медициналық маскалар таратады.

Comments (0)
Add Comment