Еріктілер Елбасынан марапат алды

Республика аумағында төтенше жағдай жарияланған күннен бастап Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, жалғызілікті және басқа да мұқтаж адамдарға партия белсенділері ең алғашқылардың бірі болып, елдің бірлігін көрсете отырып көмек қолын созды. Бұл жұмыстарды атқаруда еріктілердің еңбектері зор.

Арайлым Шабденова

Биылғы жыл еліміз үшін күрделі кезең болып тұр. Мұндай кезеңнен әлемдегі барлық мемлекет өтіп жатыр. Себебі дүниені дүрліктірген әлемдік пандемия жаппай әбігерге салуда. Партия филиалдары жанынан мұқтаждарға көмек көрсету мақсатында арнайы ерікті жастардың тобы құрылған болатын. Сонымен қатар коронавирус салдарынан зардап шеккен мұқтаж отбасыларға көмек көрсету мақсатында «Birgemiz – Jambyl oblysy» қоғамдық қоры құрылып, Қамқоршылық кеңесі мен тексеру комиссиясының құрамына түрлі сала өкілдерінен облысқа танымал қоғам белсенділері енгізілді. Осыған орай, облыс әкімдігінің ғимаратында өткен салтанатты жиында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев төтенше жағдай кезінде белсенділік танытып, алдыңғы шепке шыққан бірқатар белсенді жастарды және еріктілерді Елбасының Алғыс хатымен марапаттады.

– Бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша бірінші кезеңмен 7473 азаматқа жалпы сомасы 373 млн 650 мың теңге бір реттік (50 мың теңгеден) атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Ал екінші кезеңмен жергілікті атқарушы органдардың деректемелері негізінде (Тараз қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығы) 464 млн 750 мың теңге көлемінде 9295 мұқтаж азаматқа көмек көрсетілді. Үшінші кезеңмен «Вirgemiz» қорынан 10221 адамға 511 млн 50 мың теңге аударылды. Жалпы «Вirgemiz» қорынан Тараз қаласы және 6 аудан бойынша халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 26 989 адамға 1 млрд 349 млн 450 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ облысымыздың кәсіпкерлері де азаматтық танытып, халқына көмек көрсетуде бірқатар жұмыстар атқаруда. Жинақталған қаржыдан облыстық жедел штабтан түскен сұраныс хатқа сәйкес 19 азаматқа 35 мың теңге көлемінде (665 мың теңге) бір реттік материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар партияның Жамбыл облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардағы депутаттық фракцияларының мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және белсенді партия мүшелері, жеке кәсіпкерлер 292 млн 984 мың теңгеге 14 286 отбасына алғашқы кезектегі қажеттіліктегі азық-түліктер себетінен көмек көрсетті, – деді Бердібек Машбекұлы.

Партия филиалы мен ерікті жастардың карантин уақытындағы табысты жұмысын ескеріп, партия Орталық аппараты мен «Jas Otan» жастар қанатының ұсынысы бойынша «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы алғысы жолданды. Елбасы, партия Төрағасының Алғыс хатымен марапатталушылар қатарында партия облыстық филиалының қызметкерлері, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері және карантин мерзімінде еңбек еткен ерікті жастар – барлығы 62 адам бар. Салтанатты жиын соңында марапатталғандардың ішінен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек пен ерікті Олжас Апбозов сөз алып, алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ осы күні «Қабілет» орталығында өзге еріктілерді «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев та қабылдап, құттықтады.

– Сіздер еліміздегі патриотизмнің көрінісін анық көрсеттіңіздер. Төтенше жағдай режимі енгізілген кезде көптеген адамдар қиын жағдайға тап болды. Осы сәтте лезде жұмылып, ерікті түрде атсалысқан жақсы істеріңізге өз ризашылығымды білдіремін. Сіздерге Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаттарын да табыстау бұйырыпты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, еріктілік – ел үшін, қоғам үшін адал қызмет. Оны, расымен де, халқымыздың өмір салтына айналдыруымыз керек. Мұндай жақсы амал – қазақ халқының бұрыннан қанына сіңген қасиет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп кез келген іске асарлайтын халқымызға бұл жат дүние емес. Бұған бүгінде жастарымыздың ерікті түрде ұйыса білуі қуантып отыр. Сіздерге елге деген адал қызметтеріңіз үшін алғыс білдіреміз, – деді Балабек Жанбекұлы.

Жиын соңында Алғыс хат алған ерікті жастар да өз ойларын ортаға салып, партияға ризашылықтарын білдірді.

Comments (0)
Add Comment