Ерекше жандар елеусіз қалмайды

Өзгенің табалдырығын тоздырып, баспанасыз күйде жүргендер аз емес. Тұрғын үй тапшылығы әлеуметтік әлсіреудің алғышарты болып отырғаны да рас. Оған қоса жалдамалы пәтердің өзі қолжетімсіз болып бара жатқан уақытта көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де үй алу сары уайымға айналғаны ақиқат.

Бұл өзекті мәселе өз кезегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты да алаңдатып отырғанын халыққа арнаған Жолдауларынан аңғаруға болады. Себебі өткен жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Үкіметке қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлуді тапсырып: «Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлауалды бағдарламамда айттым», – деген болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру, мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында шаһарда атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Ол туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Мүгедектерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің қолжетімділігі» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Нұрбек Молдағазы кеңінен баяндады.
– Бүгінге дейін Тараз қаласында пәтер алу кезегінде 21 286 азамат тіркеліп тұр. Оның ішінде 1 987 кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежедегі «Ана даңқы» атағын алған отбасылар – 3 913, әлеуметтік жағынан қорғалатын топтарына жататын азаматтар – 8 940, мемлекеттік қызметшілер, өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер арасынан 6 446 адам тіркеуде тұр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, кезек тізіміне тіркелген әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу аясында республикалық және облыстық бюджеттік өтінім ұсыну бойынша екінші нарықтан пәтер сатып алу қарастырылған. Аталған жоба бойынша 108 пәтер пайдалануға беріліп, кезек тізіміне тіркелген азаматтарға кезек ретіне сай бөлу жұмысы аяқталып, берілді. Оның көпбалалы отбасыларға 13 пәтері ұсынылды, – деді Нұрбек Мақұлбекұлы.
Оның айтуынша, жоспар бойынша 200 пәтер болғандықтан, бүгінгі күнде қалған 92 пәтерді бөлімнің теңгеріміне қабылдау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде екен. Тіркеу жұмыстары аяқталған соң, тұрғын үй мәселесі бойынша 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңымен бектілген талабына сай мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізіміне тіркелген азаматтарға бөлу жұмыстарын жүргізілетін болады. Дегенмен 2022 жылдың соңында пайдалануға берілу жоспарланған 60 пәтерден тұратын 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталмауына орай, пайдалануға берілмей тұр. Алайда берілген жағдайда жыл соңына дейін 240 пәтер кезек тізіміне тіркелген азаматтарға беру жоспарлануда. Сонымен қатар ағымдағы жылы 669 пәтер сатып алу көзделуде. Онын ішінде 162 пәтер мемлекеттік бюджеттен, 507 пәтер «Самұрық-Қазына» қоры қаражаты есебінен өтелмек.
«Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз құзыреті шеңберінде, «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және мемлекеттік пәтерлерді бөлу» мемлекеттік қызмет түрін жүзеге асырады. Бүгінгі күнде мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізіміне 22 209 азамат тіркеліп тұр. Оның І,ІІ топтағы мүгедектері – 2 047 азамат, ал мүгедек бала асыраушылары 1 005 отбасы болып табылады.
– Көрсетілетін мемлекеттік қызмет талабына сай 2023 жылы І,ІІ топ мүгедектерінен 246 өтініш қаралып, оның 165-і тұрғын үй алу кезек тізіміне тіркелсе, 2024 жылы І, ІІ топ мүгедектерінен 128 өтініш қаралып, оның 87-сі тұрғын үй алу кезек тізіміне тіркелді. Сондай-ақ 2023 жылы мемлекеттік қордан пайдалануға 68 пәтер беріліп, оның 13 пәтері І, ІІ топ мүгедектеріне, 1 пәтер мүгедек бала асыраушы отбасына, ал 2024 жылы 108 пәтер пайдалануға ұсынылса, оның 7 пәтері І, ІІ топтағы мүгедек азаматтарға, 3 пәтері мүгедек бала асыраушы отбасыларға бөлінді. Сонымен бірге І, ІІ топ мүгедектері мен мүгедек бала асыраушы отбасылар «Отбасы банк» АҚ арқылы қосымша мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тұрғын үй алу мүмкіндіктері бар екендігін айта кеткен жөн, – дейді маман.
Сала мамандарының айтуынша, кезекке тұру үшін міндетті түрде қалада тіркелген болуы керек. Соңғы 5 жыл көлемінде отбасы иеліктерінде тұрғын үй тіркелмеуі керек. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезекке тұруына болады. Ол үшін құжаттар тізімі бекітілген. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен халықтың әлсіз тобына жататынын растайтын анықтама алуы керек. Сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжат, неке тіркеу куәліктері қажет. Тұрғын үй ең алдымен жетім балаларға беріледі. Одан кейін әлеуметтік жағынан әлсіз тобы мүгедектер, баласы мүгедектерге бөлінеді. Мүгедектер өз қалауы бойынша бірінші, екінші қабаттан таңдай алады. Бұдан бөлек 10 санат бар. Оларға көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар жатады. Мемлекеттік қызметшілер, әскерилер, жалғыз үйі апатты деп танылған үй иелері үш кезекке пропорция бойынша бөлінеді. Мемлекеттік қызметшілердің төлем қабілеті жоғары болғандықтан, ҚИК, ТҮЖҚБ-ға өтіп кетеді. Ол жақта кезек жылдам жылжитыны белгілі. Бұрын «Бәйтерек», Қазақстанның ипотекалық компаниясы 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектерді санатқа қоспайтын. Бүгінде заңға өзгеріс енгізілді. Мүгедектер төлем қабілетін растаған жағдайда үй алуға мүмкіндігі бар екен.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment