Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қоғам көзқарасы өзгерген сайын оларға әлеуметтік көмек көрсетудің қолайлы түрлерін іздеу аса қажет.
Әлеуметтік көмек – мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға мемлекеттік-әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі бөлігі. Экономикалық жағдайы төмен, әлеуметтік, психологиялық жағынан әлсіз адамдар тобына әлеуметтік ортада қалыптасуын жақсартуына бағытталған қызмет көрсету кешені саналады. Ол зейнетақы төлемін қосымша төлеумен, медициналық, психологиялық, құқықтық, педагогикалық және өзге де ұзақ қызмет көрсетуімен сипатталады.
Бұл ретте Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі аталған сала бойынша үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Балалар мен 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің ұйымдастыруымен жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде мемлекет қамқорлығына мұқтаж жандар үшін барлық жағдай жасалуда.
Бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 2 334 бала бар. Аталған бөлімше үйде арнаулы әлеуметтік көмек көрсету стандартына сәйкес жыл басынан бері 339 қызмет алушыға үй жағдайында 8 бағытта арнаулы әлеуметтік қызмет түрін көрсетті. Қазіргі уақытта 333 қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.
Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есебіміздегі қызмет алушылар техникалық қосалқы құралдарын https://aleumet.egov. kz/ru порталы арқылы өз еркімен таңдап, жүзеге асырып отырады. Нәтижесінде 634 азамат міндетті гигиеналық құралдармен, 54 азамат арнайы жүріп-тұру құралдарымен және 31 азамат протез-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, 41 қызмет алушының мүгедектігін қайта куәландыруға жәрдем берілсе, 175 қызмет алушыға педагогикалық, медициналық-психологиялық комиссиядан өтуіне құжаттары рәсімделіп, көмек көрсетілді. 105 қызмет алушы тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды.
Бөлімнің есебіне алынған азаматтар тегін тұрғын үй алуға да үміткер атана алады. Мәселен, бүгінгі таңда мемлекет қорынан берілетін пәтер кезегінде 276 қызмет алушы тұр. Оның алтауы баспанаға қол жеткізіп үлгерді.
Осы тұста айта кетер жайт, бөлім тарапынан есепке алынған азаматтардың мәдени-көпшілік өмірін ұйымдастыруға, бос уақыттарын тиімді өткізуге де барынша көңіл бөлініп келеді. Осыған орай жыл басынан бері бірқатар шаралар өткізілген еді. Мысалы, Абай атындағы орталық кітапханасында балаларға арналған әдебиеттерді насихаттау мақсатында «Кітап – асыл қазына» тақырыбында кеш өтті. Ертегілер әлеміне саяхаттауға арналған мерекелік шараға есебіміздегі 20 қызмет алушы қатысты. Басқосу соңында балаларға сый-сияпаттар ұсынылды. Ал Рамазан айында аз қамтылған 7 отбасыға демеушілер тарапынан ыстық тамақ берілді. Есебіміздегі 115 аз қамтылған отбасыға демеушілер ақшалай және азық-түлік түрінде көмек көрсетті. Сонымен қатар 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бар мейіріміміз – балаларға» атты мерекелік акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік шара ұйыдастырылды. Балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатында мерекелік кешке 300 бала қатысты. Бұдан бөлек, Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы бойынша Түркістан және Тараз қалаларына экскурсия өткізілді. Жоба аясында мүгедектігі бар 50 бала мен олардың ата-аналары Түркістан қаласы, «Керуен сарай» туристік кешені, Қ.А.Яссауи кесенесі, Рабия Сұлтан Бегім мазары, Яссы мұражайы, Қарахан баба, Айша бибі, Тектұрмас кесенелеріне саяхаттап келді. Бұл саяхаттан барлық қатысушы ерекше көіл-күймен оралды. Сондай-ақ балалар мен 18 жастан асқан адамдарға әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің қызмет алушылары арасында балалардың шығармашылық ойлау қабілетін арттыру мақсатында онлайн қолөнер көрмесі өткізілді.
Жанар ЖОЛДЫБАЕВА, балалар мен 18 жастан асқан адамдарға әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі