Қордайлықтардың ақсерке тұқымдас бақтақ (форель) деп аталатын балықты қолжетімді бағамен алу мүмкіндігіне ие болғанына екі жылдың жүзі болды. Бұл балықтың тілді үйіретін дәмі туралы айтудың өзі артық. Осы ретте біз оқырмандарымызға бақтақтың Қордай ауданында пайда болу тарихын баяндап, оны көбейтудің қыр-сырымен бөлісуді жөн көрдік.
Жалпы елімізде балық шаруашылығы ауыл шаруашылығының маңызды буыны болып қалыптасты деуге толық негіз бар. Ал шаруашылықтың бұл түрінің ауданымызда қарқын алуы үлкен абырой. Әр істің қызығымен қатар қиындығы да қатар жүретіні белгілі. Балық шаруашылығын бастамас бұрын оның қаншалықты күрделі екенін түсіну қажет дейді «Korday Fish» ЖШС басшысы Рамазан Харсанов.
-Балық шаруашылығы бірінші жылы дән егіп, астық ала салатын егін шаруашылығы емес. Бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарап, жақсы дайындықпен кірісу керек. Ал, табыс білімнен басталады, — дейді серіктестік басшысы.
Сортөбе ауылдық округіндегі бақтақ шаруашы-лығы ағын тоғанының жағасында шамамен 4 гектар жерге орналасқан. Құбылмалы және кәріптас түсті бақтақтары өсіріліп жатқан бұл тоғанға су қайнардан келеді. Балық өсіру, ауыл шаруашылығының кез-келген саласы сыңайлы тәуекелді бизнес түрі. Судың температурасы мен тазалығы, балықты бір бассейннен басқасына ауыстыру кезеңін сақтау, азық беру тәртібі, т.б. нормаға сай болу керек. Олай болмаған жағдайда балық қырылуы мүмкін, ал бұл дегеніңіз шығын.
Рамазан Харсанов қиындықтан қорықпайтын адам, сондықтан да болар бұл іске білек сыбана кірісіп кеткен.
Бұрын көрші елде жолдастарымен бірге балық шаруашылығымен айналысып, тәжірибе жинаған кәсіпкер 2019 жылы округ әкіміне жолығып, өз кәсіпкерлік бастамасын алға тартып, алдын ала дайындап келген бизнес жоспарын ала келген. Балық шаруашылығына, ішкі нарықты балғын балықпен толтыруға бағытталған бизнес-жоспар мақұлданып, жалға жер берілген. Бөлінген жерге 10 бассейн орналастырылып, бастапқыда тәжірибе ретінде 10000 шабақ жіберілді. Іс ойдағыдай жүріп кетті.
Айта кетсек, құны 300 млн.теңге жобаға инвесторлардың қаражаты тартылды. Қазіргі таңда «Korday Fish» ЖШС өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген, оған сай 2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында әрі қарай даму үшін кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетілмек.
Бүгінде шаруашылық аумағында инкубация цехінің қарқынды құрылысы жүргізілуде. Аталмыш цехте шабақтар өсірілмек. Сонымен қатар балықты өңдеу, оны ыстау жоспарда бар, ал бұл дегеніміз жоспарды іске асыру үшін консервілеу, ыстау, қарқынды тоңазыту цехтерін салудан басқа, жергілікті халық жұмыспен қамтылады деген сөз.
Ферманың қуаттылығы жылына 50 тонна балықты құрайды. Жоспарланған жұмыс аяқталғаннан кейін аталмыш көрсеткіш 150 тоннаға дейін ұлғаймақ. Қазіргі таңда жұмысшылар саны да көп емес – балықты көбейтумен 14 адам айналысады.
Басында Рамазан Сулейманович балықты ұстап, оны сатумен айналысатын. Ол балықтың орнын шабақтармен толтырып отырды. Ал шабақты жіберіп, оны келесі бассейнге көшіру үшін шамамен 2-3 ай уақыт кетеді.
Ферманы аралап, оның жұмысымен танысу барысында балық туралы көп қызықты нәрсе білдім. Мәселен, бақтақ бапшыл, талғампаз деп айтуға болатын балық екен. Таза ағын судан басқа, бұл балық үшін судың температурасы да маңызды, су тұрақты түрде ағып тұрғандықтан судың температурасы 10-15 градус деңгейінде ұсталып тұрады. Сонымен бірге, судағы оттек 7-8 мг/литр көрсеткіштен аз да, көп те емес болуы қажет. Екі жылдың ішінде балық екі килограммға дейін салмақ жинайды, алайда салмағы 300-500 грамм балық жоғары сұранысқа ие.
-Ең қиыны, менің ойымша, балықты тауарлық түрге дейін өсіру. Өздеріңіз көргендей, тұрақты түрде оттекке қаныққан суық су қажет. Ол үшін біз арнайы құрал-жабдық қойдық, — деп ЖШС басшысы бізге балыққа азық беруді ұсынды. Балық адамнан мүлде қорықпайды екен. Керісінше, біздің келетінімізді күткен сыңайлы, балық азықтану үшін жақындай бастады. Тіпті, кейбірі судан секіріп шығып, азықты қағып алды.
Айта кетсек, жемнің түрі балықтың жас ерекшелігіне байланысты, ол құрамы ғана емес, өлшемі бойынша әртүрлі болады екен. Польшада өндірілетін жем Алматыдан жеткізіледі.
-Біздің бақтақтың дәмдік сапасы керемет деп айтады, себебі ол таза суда өсіріледі. Осындай оң пікірлер бізді әрі қарай жұмыс істеуге және дамуға ынталандырады, — дейді Рамазан Сулейманович.
Сондай-ақ, «Korday Fish» ЖШС-де тағы да бір «хан» балығы – бекірені өсіруді қолға алу жоспарлануда. Әзірше бұл балық түрін күтіп-бағу жағдайы зерделену үстінде, бассейнге жіберілген балықтардың дамуы қадағалануда. Жоспар ойдағыдай жүзеге асқан жағдайда, бұл өнім саудаға шығарылмақ. 2025 жылға дейін жоспарланған жобаларды толық іске қосу балық өнімін жақын орналасқан өңірлерге, сонымен қатар республикадан тыс экспорттауға мүмкіндік береді.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін кәсіпкер түрлі сынақтар мен қателіктерге бой алдыру арқылы өзі үшін табысқа жетудің құпиясын ашқан: «Белгілі бір жетістікке қол жеткіздім екен деп тоқтап қалмау қажет. Бизнес үнемі қозғалыста болса ғана дамиды»,-дейді ол.