«Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры» деген сөз бар қазақта. Әсіресе тумысынан тағдыр азабымен бетпе-бет келген ерекше балалар қоғамның да, ата-ананың басты назарында. Оларды мемлекетіміз де қамқорлықтан кенде қалдырған емес.
Осыған орай шаһарда 2018 жылдан бері ата-аналардың бастамасымен ашылған «Тараз Талмас» тобы жұмыс істеп келеді. Бұл топтың мақсаты – ерекше балғындарды тәрбиелеп жатқан ата-аналардың басын біріктіріп, тәжірибелі мамандардың көмегімен балаларын емдету.
Жалпы шаһарда дәл осындай балғындарды тәрбиелеп отырған 130-дан астам ата-ана бар. Олар күні кеше «Інжу-Маржан» мейрамханасында балаларға Жаңажылдық шырша мерекесін ұйымдастырды.
– Бұл мерекені әрбір бала асыға күтеді. Тіпті ересек адамдардың Жаңа жылда бір ғажайыпты тосатыны анық. Сол себепті біз де ерекше балаларды үнемі қуантуға тырысамыз. Әлбетте, мұндай балғындарға демеушілер тарапынан да үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Олар тіпті мемлекет тарапынан қолға алынуы тиіс нормативтік-құқықтық актілердің де жүзеге асуына мұрындық болып, керемет әлеуметтік-көпшілік шараларды қолға алып жүр. Бұл үшін ол жандарға ризашылығымыз шексіз. Қазіргі кезде біздің демеушіміз – белгілі ұлтжанды азамат, педагог Ерболат Саурықов. Тағы бір айта кетерлігі, тобымыздағы ешбір ата-ана көмек сұрап, қол жайып көрген емеспіз. Барлығын бірлік пен татулықтың арқасында жүзеге асырудамыз, – дейді шараны үйымдастырушылардың бірі Жансая Ажикова.
Көңілді кеш балаларға ерекше әсер сыйлап, айрықша сезімге бөледі.
Жұматай Көксубайұлы