№47 орта мектепте «Арнайы сыныптарда ерекше білімді қажет ететін балалар мен оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері» тақырыбында семинар өтті.
Ерекше білімді қажет ететін балаларға оқытуды ұйымдастыруда оқытудың жаңаша әдістерін кіріктіру арқылы сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында өткен шарада әуелі сөз алған мектеп директоры Айжан Абдешова айрықша білімді қажет ететін балаларға арналған арнайы сынып жөнінде кеңінен тоқталды.
– Биылғы оқу жылында мектебімізде арнайы 12 сыныпта 84 оқушы білім алуда. Барлық оқушыларда ПМПК қорытындысы бар. Балалар оқулықтармен толығымен қамтамасыз етілген. Ұстаздардың бәрі – арнайы курстан өткен, оқушылармен жұмыс істей алатын тәжірибелі мамандар.
Мұғалім мен мамандар (логопед, психолог, дефектолог) оқушының сабақ барысындағы әрекеттері мен мінез-құлқын үнемі қадағалап отырады. Оқушылармен жеке және топтық жұмыстар жүргізудің нәтижесінде әр жыл сайын 2-3 оқушыдан интеллекті қалыпты балалар жалпы сыныпқа ауыстырылады. Бүгінде оқу ордасын аяқтап, жұмыспен қамтылған түлектеріміз жетерлік. Оқушыларымыз қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлердегі байқауларға қатысып, жүлделі орынды да иеленуде. Атап айтсақ, биылғы оқу жылында 3 оқушымыз қала әкімінің 30 мыңдық сертификаттарына ие болды. Сонымен қатар 8-сынып оқушысы Бахболат Мәди Фунакоши каратэден әлем чемпионы атанса, өзге өрендеріміз түрлі білім бәйгелерінде топ жаруда, – деді Айжан Ақтілеуқызы.
Сондай-ақ шара барысында «Сан ойла – тез ойла», «Жемістер», «Балуан», «Бақша ағаштары», Ерекше балаға – ерекше қолдау» тақырыптарында ашық сабақтар өтті.
Семинар соңы «Асқар таудай талабым, Мен өнерлі баламын!» атты сазды кешпен түйінделді.
Нұргүл Оразбек