Ер есімі – ел есінде

Биыл Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Сәду Шәкіровтің туғанына – 100 жыл. Осыған орай батырдың жерлестері Сәду Шәкіров, Кеңес ауылдарында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, кең көлемде атап өтті.

Алдымен батырға арналған бюсттің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шарада Талас ауданы әкімінің орынбасары Медет Үрістенов сөз алып, қаһарманның өмір жолына кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ Шу ауданынан арнайы келген ақын, ардагер ұстаз Сәт Мәлібекұлы жүрекжарды арнауын оқыса, батырдың қарындасы Күләшай мен қызы Алмашай Шәкіровалар естеліктерімен бөлісті. Алматыдан келген кәсіпкер Сайлау Нүрпейісов, С.Шәкіров ауылдық билер кеңесінің төрағасы Мәдібек Мылтықбаев, батырдың немере інісі Марат Балғынбаев та сөз сөйлеп, игі шараға ұйытқы болғандарға ризашылығын жеткізді.Бұдан кейін арнайы дастарқан жайылып, ас берілді.

Тағылымға толы шара Кеңес ауылында жалғасты. Мұнда аудандық білім бөлімі ұйымдастырған «Ерлікке тағзым» атты мүшәйраның жеңімпаздары марапатталды. Сонымен қатар қазақ күресі, көкпар мен бәйгеден жарыс ұйымдастырылып, көпшіліктің делебесін қоздырды.

Талас ауданы

Comments (0)
Add Comment