«Гауһартас» мейрамханасында Ғазиз Домаев есімді азамат үш жыл қатарынан ерекше шара ұйымдастырып келеді. Шараның ерекшелігі – тағдыр тауқыметін тартып, өмір өрнегін өзегінен өткізген қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға аялы алақанның жылуын сездіріп, даладай дастарқан жайылуында.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының қызмет алушылары бұл күні мәз-мейрам күй кешіп, «Лимузин» көлігімен арқа-жарқа болып мейрамханаға жетті.
– Мен мұндай салтанатты кешті үшінші жылы өткізіп отырмын. Өзім базарда есік сатамын. Биыл тойға өз туыстарым мен балаларымды да шақырдым. Себебі менің ұрпағым игі ісімді жалғастырса, осы игілікті өз көзімен көрсе деп ойладым. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, мен өз ұямнан шыққан балапандардың мейірімді, адал, үлкенге құрмет көрсете білетін азамат болып өскенін қалаймын, – дейді мерекелік кешке ұйытқы болған Ғазиз Домаев.
Қазыналы қарттар мен жарымжан жандардың батасын алған кәсіпкердің бұл ісі көпке үлгі екені анық.
– Пандемиядан бас көтермей, Арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығынан жылдан аса тысқа шықпағандардың көңілі көтеріліп, шат-шадыман болды. Мұндай игі іске демеушілік көрсетіп, ұйымдастырып жүрген Ғазиз мырзаға алғысымыз шексіз, – деді №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры Гүлжауһар Кушекова.
Ақ дастарқан басында әруақтардың рухына бағышталып құран оқылып, жақсылықтың жаршысындай болған әсем ән шарықтап, ізгі тілектердің тиегі ағытылды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ