Ер азаматтар не себепті суицидке жақын?

Жалпы адамдарды өзіне-өзі қол жұмсауына не итермелейді? Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесімен қалай күресу керек? Қандай жағдайда адамдар өлім аңсап, ажал құшуға құмартады? Суицидтің себеп-салдары әртүрлі болғанымен, бұл мәселенің түп-төркіні ішкі күйзелістің, жалғыздықтың, өзін кінәлі санау және қажетсіз сезінуден келіп туындайды. Бұл – психологтардың пайымы.

Мамандардың айтуынша, адамның өз-өзіне қол жұмсаған орнына қарап, оның қандай себептен өмірімен қоштасқанын аңғаруға болады екен. Мысалы, бала үйінде суицид жасаса, отбасында кикілжің болуы мүмкін. Ал өлім орны мектеп болса, демек сыныптастарымен немесе ұстаздарының арасында келіспеушілік болған, әлде оқу үлгерімінде қиындықтар туындаған. Кейде адам алдына қойған мақсатына жете алмағанда өзіне қол жұмсауға мәжбүр болатынын мамандар жиі алға тартады.
– Өз-өзіне қол жұмсауға көбінесе отбасылық жағдайдың төмендеуі, жұмыстан шығып қалған адамдар барады. Кейде ұзақ уақыт бойы күйзелісте жүрген адамдар суицид жасайды. Статистикаға сүйенетін болсақ, өз-өзіне қол жұмсау ер адамдардың арасында көп орын алатын болған. Нақты жасына келсек, өзін өлімге қиғандардың орта жас мөлшері шамамен 18 бен 30 жас аралығын құрайды, – дейді қалалық полиция басқармасының ресми өкілі, полицияның аға лейтенанты Жанерке Әзімхан.
Қалалық полиция басқармасының статистикасына сүйенсек, шаһар аумағында 2020 жылы 48 адам, ал ағымдағы жылдың есепті кезеңінің өзінде 43 азамат өз-өзіне қол жұмсаған екен. 2021 жылы өзіне қол жұмсау фактісі бойынша тіркелгендердің 36-сы ер адам болса, 7-і әйел.
Суицид сондай-ақ тұқым қуалау, шизофрения, психоз, түрлі травма, ұзаққа созылған емі жоқ диагноздардың әсерінен орын алады. Мұндай жағдайда баланың бойындағы темпераменттердің бірі басым келеді. Баланың сезімтал немесе ашушаң, тұйық немесе аса эмоционалды болуы, девиантты мінез-құлыққа бейімділігі, өзіне зиян келтіруге құмарлығы суицид жағдайына алып келуі әбден мүмкін. Мінез-құлқы құбылып тұрады. Мұндай халде жүрген жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсауы жайында мақсаты бары байқалмауы да мүмкін. Шын өлгісі келетін адам алдын ала ешкімге нақты айтпайды. Әрбір өлгісі келетін кісі суицидке саналы түрде, санасын жегідей жеген сұрақтарға жауап таппаған сәтте, қиындығының шешімі жоқ болып көрінгенде баратындығын мамандар ескертуде.
Нәзікжандылар көп жағдайда жігіті алдап соққанда, арын таптағанда өз қорлығының шешімін өліммен түйіндейді. Жауқазындай жайқалып өсіп келе жатқан жас қыз абыройы тапталған сәтте ел бетіне қарауға қысылып немесе оң босағада отырып жүкті болып қалған жағдайда осындай өрескел қадамға барып, өз-өзіне қол салады.
Ата-ананың айырылысуы да бала психологиясына ауыр тиеді. Мұндай жағдайда өзінің біртұтас ұғымына айналып, бөліп-жаруға келмейтін екі сүйікті адамының екі жаққа айырылысып кетуі – баланың санасына үлкен соққы. Осындай ауыр кезеңнен өткенде күйзеліске түскендердің жаны депрессияға душар болып, соңы суицидпен аяқталып жатады.
Міне, осындай түрлі себеп суицидке алып келеді. Ел ішінде қазақи нанымға сенсек, кейде әлдебір самайын ақ шалған шапанды қария көзге көрініп, жіп ұсынып, көндіріп алып кететін сәттері де кезігеді. Бірде редакцияға іздеп келген қара торы келіншек өзін бір ата иектеп жүргенін жеткізді. «Жалғыз қалсам болды, қолына жіп ұстаған ата: «Жүр, қызым! Ол жақтағы өмір өте жақсы», – деп ертіп кеткісі келіп жүрді. Бұл көрініс бірнеше рет қайталанды. Бірақ ешкімге тіс жарып айтпай, ішімнен тынып жүрдім. Бір күні таңертең сиыр сауып болған соң, атаға еріп, қора жаққа бардым. Үйден емізулі бөпемнің жылаған дауысын естідім. Бірақ ата мені асықтырып, үлгеруіміз керектігін айтқан соң, мойныма жіп салдым. Сол сәт соңымнан іздеп келген күйеуім мені арқаннан шешіп, көз алдымда мысықты асып өлтірді. Ырымы сол екен. Сол оқиғадан кейін емшіге апарып оқытты. Ал ата, міне, бірнеше жыл өтті, қайта көрінбеді», – деп ішкі сырын тарқатқан еді.
Жан – Жаратушының адам баласына берген ең қасиетті аманаты. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайтынын ескерсек, Ислам дінінде бұл – ең ауыр күнә. Дінге сенімі бар адам өмірдің қиындықтарын сынақ деп қарайды. Сондықтан болған іске болаттай беріктік, әрбір сынға сабырлық таныту парыз. Бұл тұрғыда ерлер өздеріне бекем болуы қажет. Өйткені статистика көрсеткендей, ер азаматтар суицидке жақын деген дерек ойдан шығарылған жоқ.

Құралай Сейсенбекқызы 

Comments (0)
Add Comment