Марқай, қазақ! Тойла, Тараз! Жаса, Жамбыл спорты! Моңғолия мемлекетінің астанасы Улан-Батор қаласында күрес түрлерінен түндігін түрген Азия чемпионатынан жерлестеріміз жеңіспен оралды.
Ұлттық құрама сапында 57 келіде белдескен Рахат Қалжан мен аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Әлішер Ерғали күміспен күптеліп, абыройымызды асқақтатты.
Сондай-ақ Азамат Дәулетбеков (86 келі) Азия чемпионы атанса, Нұрқожа Қайпанов (74 келі) екінші орынды иеленді. Бұдан бөлек, Акбар Курбанов (61 келі), Талғат Сырбаз (70 келі), Әділет Давлунбаев (92 келі) және Мамед Ибрагимов (97 келі) қолаға қол жеткізді.
Еркін күрестен Ұлттық құрама 1 алтын, 3 күміс, 4 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Айта кетейік, Әлішер Ерғали осымен Сары құрлық додасының төрт дүркін жүлдегері атанып отыр.
Жеңісті жорықтарың жалғаса берсін, жампоздар!
Дедек Төлен