Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов Дулати университетінде жұртшылықпен жүздесті.
Жиында министр әуелі алда тұрған жоспарлар мен атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің обьектілері іске қосылмақ. Сонымен қатар газдандыру бойынша тұрғындардың 94,5 пайызы газбен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ дизель отынының лимиттелген көлемін босату бойынша бақылау енгізіледі.
Тұрғындар да өз кезегінде көкейдегі сауалдарын жолдады. Солардың бірі – Жеңісбек Сабрайым өңірге инвестиция тартып, «H2 Green Energy» жасыл сутегі тауарын өндіру заводын салуға ниетті екенін жеткізді. Бұл жоба үшін облыс әкімдігі Байзақ ауданынан 300 гектар жер беретіні туралы келісімін берген. Ал аталған жобаны жандандыру үшін Үкіметтің арнайы қаулысы қажет. Ал әзірге оған қол жеткізу мүмкін болмай тұр екен.
Министр барлық сауалдарды мұқият тыңдап, тұщымды жауаптар берді.
Кездесуден кейін министр азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.