Енді отыз жыл бойы жөндеу көрмеген арықтарға су келеді

Бүгінде Тараз қаласын жасыл желекпен көмкеру бойынша ілкімді істер қолға алынуда. Бұл өз кезегінде шаһардың шырайын келтіріп, көркіне сән қосары анық. Аталған жұмыстар қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында да айқын көрініс тапқан.

Әрине, көне шаһарды көгалдандыруға арық жүйелерінің де тигізер септігі мол. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар қарқын алып, көңіл қуантуда. Атап айтсақ, «Ақбұлақ» (1) шағынауданының Желтоқсан көшесі, «Салтанат» (4), «Қарасу» (5), «Талас» (6), «Самал» (7), «Алатау» (8), «Мыңбұлақ» (9) шағын- аудандарындағы арық жүйелерін күрделі жөндеу жұмыстарына 940 016 000 миллион теңге қаражат бөлінді. Оның 48 519 282 теңгесі маусым айында арық-тарды дайындау жұмыстарына жұмсалды. Сметалық құжаттамаға сәйкес, шамамен 33 шақырым арық жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде.
Осы орайда айта кетерлігі, биылғы жылы қаланың шағынаудандарындағы арықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, шаһардағы өзге аудандардың арықтарын қалпына келтіру алдағы екі жылда іске асырылмақ.
Бүгінгі күні жөндеу жұмыстары 35 пайызға орындалған. Жалпы осы жұмыстарды қазан айының соңында толық аяқтау жоспарлануда.
Тағы бір ерекше атап өтерлігі, бұл арықтардың көпшілігі талай жылдан бері қалпына келтірілмеген. Енді осы арықтардан су ақса, бұл тұрғындарға да қолайлы жағдай туғызары сөзсіз.

Аман Есен

Comments (0)
Add Comment