Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар емханаларды аралап, жұмысымен танысты. Әуелі қала әкімі №9 қалалық емханаға ат басын бұрды. Аталған мекеме бүгінгі күні 33 497 тұрғынға қызмет көрсетуде. Оның 12 987-сі – балалар. Емхана меңгерушісі Гүлжахан Рәпілбекованың айтуынша, нысан 93 пайызға медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Сондай-ақ бір ауысымда 500-ге жуық адамды қабылдауға қауқарлы. Қала әкімі емханадағы кезек мәселесін ретке келтіру керектігін баса айтты.
– Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына айрықша мән берілуде. Бұл тұрғыда емханаларға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Қазіргі таңда емдеу мекемелеріндегі ең басты проблема – кезек күту. Тұрғындар да кезектің тым ұзаққа созылуына жиі шағымданады.Бұл ең әуелі емхананың беделіне нұқсан келтіріп, тұрғындар сенімі азаяды. Сондықтан қағазбастылық, келушілердің кезекте ұзақ бөгелуі сынды өзекті мәселелерді ретке келтіруіміз қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы емхананың емдеу бөлмелерін аралап, тұрғындармен тілдесті.
Қазіргі таңда емханада алғашқы санитарлық медициналық, дәрігерге дейінгі, кәсіби дәрігерлік, арнайы мамандандырылған медициналық, консультативті диагностикалық кеңес, оңалту, күндізгі стационар, 4 санатты шұғыл медициналық, әлеуметтік-психологиялық көмек, акушерлі-гинекологиялық көмек бойынша тұрғындарға ұдайы қызмет көрсетілуде.
Келесі кезекте қала әкімі «Almaz Medical Group» медициналық орталығына аялдады. Орталық бүгінгі күні 40 345 ересек, 28 716 бала – жалпы саны 69 061 тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Емхана келушілері алғашқы медициналық-санитарлық, консультативті диагностикалық кеңес, стационарлық көмек түрлерімен қамтамасыз етілген. Ауысымына 1200-ден астам адамды қабылдайтын орталықта заманауи медициналық құрылғылармен толығымен қамтамасыз етілген. Дегенмен, мұнда екпе егу жұмыстары тым баяу жүруде.
– Бұл орталық екпе салу бойынша қаладағы ең төмен көрсеткішті көрсетіп отыр. Демек, бұл тұрғындарға түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмей жатқанын білдіреді. Екпе ең әуелі тұрғындардың өзінің денсаулығы үшін маңызды. Емхана қызметкерлері осыны әрбір келушіге жақсылап ұғындыруы қажет. Бұл мәселеде сылбырлық танытуға болмайды. Сонымен қатар әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеу бойынша да насихат жұмыстары үздіксіз жүргізілуге тиіс, – деген шаһар басшысы орталық ішін аралап, емделушілермен әңгімелесті.