Нұр-Сұлтанда көпірден секіріп кеткен жүкті әйелді полицей құтқарып алды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қабанбай батыр даңғылында кезекші болған полицей Алмаз Құлтанов сағат 12:20 шамасында Рамстор сауда үйінің жанындағы Есіл өзеніндегі көпірде тұрғынды байқайды. Ол әлгі келіншектің суға секіруге бекінгенін аңғарады.
Полиция қызметкері мұны орталық басқару орталығының кезекшісіне хабарлап, оқиғаның алдын алу үшін бірден көпірге қарай бет алған. Бірақ сол сәтте әйел суық суға секіріп кеткен. Тәртіп сақшысы еш ойланбастан әйелдің артынан өзенге түседі. Әйелге жетіп, оны киімінен ұстап, жағалауға қарай бет алды. Осы кезде оның әріптестері екеуін судан шығаруға жәрдемдеседі. Жағалауда басқа полицейлер мен қала тұрғындары судағыларға көмек көрсеткен.