6 шілде күні «Қазанат» атшабарында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Спорт басқармасының ұйымдастыруымен қала күніне орай бәйге түрлерінен «Елорда Бәйгесі» республикалық турнирі өтеді деп хабарлады turkystan.kz.
Бәйге сайысында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облыстарынан 150-ден астам таңдаулы жүйріктер бақ сынайды.
Шабандоздар тоғыз шақырымдық құнан бәйге, он алты шақырымдық кіші аламан және 21 шақырымдық аламан бәйге бойынша сынға түседі.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 20 000 000 теңге.
Бәйге бағдарламасында «Нұр-Сұлтан қаласы кубогіне арналған Қостанай жылқысының бәйгесі» республикалық турнирі өтеді.
«Елордада өтетін Қостанай жылқысы бәйгесі биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Қазақтың қазанаты саналатын Қостанай тұқымды жылқылары ұшқыр (1,4 км, 2,4 км), құнан (7 км) және аламан бәйге (20 км) түрлері бойынша бақтарын сынайды. Бәйгенің жалпы жүлде қоры – 9 миллион теңге», – деді Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай .
Қаржы 1 – 5-орын аралығындағы жүлдегерлерге беріледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау жарыс аяқталған соң жүргізіледі.