Әлемді жайлаған экономикалық құлдырау кезеңінде Президенттің Жолдауы баршаға қуаныш сыйлады. Экономикалық жағдайға басымдық берген Мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге, ал ең төменгі зейнетақы мөлшерін 120 пайызға арттыруды тапсырды. Сондай-ақ әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып белгіленді. Бұдан бөлек, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер кезеңі бір жарым жылға дейін ұлғайып, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылу бойынша төлемдер мөлшері орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін артпақ. Бұл, әрине, халықтың тұрмысын түзеп, әл-ауқатының артуына септігін тигізеді.
Жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, жұмыспен қамту – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Бұл жөнінде Президент: «Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деді.
Президент Жолдауда көп нәрсені қамтыды. Оның барлығын жүзеге асыру үшін ең әуелі бірлік керек. Ел бірлігі – өркендеудің басты кепілі. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы да – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Бірлік қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті. Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Сол үшін дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек. Тарихымызға үңілсек, ел басына күн туған замандарда да халқымыздың тұтастығын сақтап қалған – ынтымағы мен бірлігі. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс қанатын кеңге жаятындығын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Сондықтан да ынтымағы жарасқан, түрлі этнос өкілдері тұрып жатқан мемлекетіміздің, қоғамымыздың және отбасымыздың біртұтас мызғымастығына бағытталған ұстанымдарымызды нығайтып, өсіп келе жатқан жас ұрпақты еліне, жеріне, Отанына, халқына адал қызмет жасау секілді құндылықтар рухында тәрбиелесек, табыстарға жетеміз. Ең басты міндет – тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, елдегі ішкі тұрақтылықты, бейбіт өмір мен бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауға үлесімізді қосу. Бұл әрбір адамның санасынан өшпеуі тиіс.
Диана МАЙЛИЕВА, кітапханашы