Еліміздің алдағы даму бағдары айқындалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған жаңа Жолдауында мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларындағы міндеттер мен басымдықтарды нақты әрі ұтымды түсіну қамтылған.

Жолдаудың мән-маңызы өте ерекше. Олай дейтініміз, бұл құжаттың жүгі қысқа мерзіммен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны бөлек. Біз келешекте әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталып, мемлекет пен қоғамның өзара сенімі және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз.
Президент айтқандай «Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ». Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз. Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?
Ел Президенті өз Жолдауында жастар еліміздің үштен бірін құрайтынын тілге тиек етті.
– Жыл сайын елімізде 400 мыңнан астам бала туады. Жыл соңына дейін Қазақстан халқы 20 миллион адамға жетеді. Орташа өмір сүру ұзақтығы да өсуде, өткен жылдың қорытындысы бойынша ол 74 жылдан асты. Біздің еліміз әлемдегі ең «жастардың» бірі болып саналады – азаматтардың орташа жасы небәрі 32 жасты құрайды. Халықтың шамамен үштен бірі – жастар екені белгілі, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай – ақ Жолдауда Президент еліміздің экономикалық әл-ауқатымен қатар, ішкі және сыртқы саяси бағытындағы елеулі мәселелер де тілге тиек етті. Әсіресе, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту үшін кешенді жоспарлардың жүзеге асып жатқаны ерекше назарға ілініп отыр. Отанымыздың болашағы жас ұрпақтарға арналған «Жайлы мектеп» аясында 400-ге жуық білім ордасы салынатыны да бізді қуантады.
– Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді. Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді.
Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды.
Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеріледі. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттіп отырмыз Ол жастар үшін де жақсы мүмкіндік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Бұдан бөлек құнды құжатта «Келешек» атты жаңа бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерілді. Бұл – балалардың білім алуы үшін бастапқы капиталды жинақтауға көмегін тигізетін маңызды қадам болып саналады. Мемлекет басшысының осы және өзге де бастамалары, ең бірінші кезекте, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға және экономикамызды ілгерілетуге бағытталған.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген даналық сөзі бар. Қазіргідей жаңарған жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көріне алады. Бұл тұрғыда Президент ел азаматтарын, отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақырды.
Қазіргі уақытта азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін креативті өндіріс салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Елімізде бұл сала әлі дамымаған. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас.
Жастарымыз нақты бір саланың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы.
Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу деп білемін Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті. Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Біз дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын.
Біз қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек.
Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз. Олай болмаса, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетеміз.
Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейтініміз анық.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез-келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың болашағын ойлау деп білемін. Үкіметтің міндеті-қазіргі демографиялық тенденцияларды бәсекелестік артықшылықтарға айналдыру. Үйлесімді тұлға мен жауапты азаматты қалыптастыру негіздері балалық шақта қаланады. Елдегі әрбір баланың бақытты және қауіпсіз балалық шағы болуы керек, – деп атап көрсетті. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе – өскелең ұрпақтың психикалық саулығына тоқталып, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, ауыл шаруа-шылығындағы техника мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы айтқандай ауыл шаруашылығындағы техниканың бүгінде тозығы әбден жеткен. Елімізде машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналып отыр. Осы ретте Президент жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет екенін атап өтті. Сәйкесінше еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерудің маңызына да тоқталды. Расында да ауыл еліміздің алтын бесігі. Сондықтан ауыл шаруашылығы ешқашан ақсамауы қажет. Сол себепті Жолдауда тоқталған әр саланың мәселелері күн тәртібінен түспей жүзеге асуы қажет деп білеміз. Ол үшін бірлік пен тірліктің арқасында Отанымызды бірге дамытып, өркендеуіне үлесімізді қосуымыз керек.
Бұл Жолдау болашағымыздың іргесін нықтауға міндеттейді. Президент өз сөзінде ел азаматтарын, отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақыра отырып, нақты міндеттерге ұсынды Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз. Құнды құжат сөзден іске көшудің басты бағытын айқындап берді. Бұл бастамалар демократиялық, экономикалық дамыған және құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болмақ.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры

Comments (0)
Add Comment