Елімізде қандай мамандықтарда грант саны көбейеді

Қазақстанда медициналық оқу орындарында санитарлық-гигиена мамандарын даярлау факультеттерінде оқу грантының саны көбейеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мәжіліс отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиология қызметі мамандарының санын арттыру мақсатында шаралар қабылданып жатыр. Осының негізінде 2021 жылдың қаңтарынан санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүргізетін мемлекеттік әкімшілік қызметкерлердің жалақасы аудан деңгейінде 70%, облыс деңгейінде 40%-ға көтерілді», – деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша, 2021-2022 оқу жылынан бастап жоғарғы оқу орындарында санитарлық-гигиена мамандары жаңа «Қоғамдық денсаулық» оқу стандарты бойынша оқытылады. Сонымен қатар «Медициналық профилактикалық іс» факультетінің бакалавриатының 150 орын, магистратураға 50 орын бөлінген.

«Биылғы жылы Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-гигиена мамандарын оқыту мерзімін «Қоғамдық денсаулық» бағдарламасына сәйкес 4 жылдан 5 жылға ұзарту мәселесі қаралды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарына жыл сайын бөлінетін грант санын көбейтіп, 2025 жылға қарай 400 орынға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласында маман тапшылығын азайтуға көмектеседі», – деп түсіндірді Алексей Цой.

Comments (0)
Add Comment