Еліміз бойынша соғым бағасы қандай?

Елімізде соғым маусымы басталып кетті. Бұл ретте көпшілікті алаңдататын сауалдың бірі мал бағасына қатысты болатыны белгілі. Осыған сай, ҚазАқпарат агенттігі еліміз бойынша жылқы мен сиыр малының қазіргі құнын анықтады деп хабарлады turkystan.kz.

Ет бағасы ең қымбат аймақтар көшін Ақмола өңірі бастады. Келесі кезекте Ұлытау мен Алматы облыстары тұр.

Сонымен республикалық маңызы бар үш қала мен 17 облыстағы соғым бағасы мынадай:

Астана қаласы

Астана қаласында биылғы бұзаулар 200 мың теңге көлемінде тұрады. Тайынша 240 мың шамасында болса, құнажындар 300 мыңның маңайында. Ірі сиырлар салмағына байланысты 320 мыңнан жоғары бағаланады.

Ал биылғы жабағының күйлісін – 300-ге, семіртілмегенін 220-250 мыңға алуға болады. Жайылымнан әкелінген тайлар 250-350 мыңға саудаланып жатыр. Қолда жемделген тайлар болса, 350 мыңнан жоғары тұрады. Байталдардың биылғы құны Астана қаласы аумағында 450 мыңнан басталады. Ту биелер 500-700 мың теңге аралығында сатылуда.

Алматы қаласы

Алматы шаһарында ірі қара (сиыр) 350-500 мың теңге шамасында тұрады. Жылқының бағасы 420 мыңнан басталып, 620 мың теңге дейін жетеді. Сиыр етінің бір келісі 2100-2300 теңге аралығында. Ал жылқы етінің келісі 2600-2800 теңгеден сатылып жатыр.

Шымкент қаласы

Шымкентте бір жарым жасар тайлардың тірі салмақтағы құны 300 мың теңгеден басталып, жоғарылай береді. Мұнымен қатар, шаһардағы ірі қара құны өзге өңірлермен салыстырғанда біршама арзан. Яғни, олар 200 мың теңгенің үстінде. Ал жылқы етінің келісі 2400-2800, сиыр етінің бір килограмы үшін 2000-2400 аралығында ақша төлеу қажет.

Алматы облысы

Алматы облысында құнан мен құнажындар 400-450 мың теңге тұрады. Жылқыларға қойылатын бастапқы баға – 530 мың теңге. Әрі қарай жоғарылай береді. Ең қымбаты – 700 мың теңгені маңайлайды. Еркек ірі қара 300-400 мыңнан сатылса, сиырлар 350-400 мың теңге шамасында.

Ақмола облысы

Арнайы семіртілген 1,5 жасар тайлардың құны күйіне байланысты 250 мыңнан 500 мың теңгеге дейін барады. Еркін жайылымнан әкелінген тайлардың құны 200 мың теңге шамасында. Бұл ретте, облыста семіртілген ұрғашы жылқы малына сұраныс жоғары. Күйлі байталдың тірі салмақтағы бағасы әзірге 600-700 мың теңге. Биелер күй жинауына байланысты 650-900 мың теңгеге сатылып жатыр. Ал екі-үш ай арнайы семіртілгендерінің бағасы кемінде 750 мың теңге тұрады.

Облыс аумағында мініс аттарын да семіртіп, саудалап жатқандар аз емес. Олардың орташа бағасы 600-700 мың теңге. Ал бір аяқ еттің құны 150-220 мың теңгені шамалайды.

Жалпы, облыста соғымға арнайы семіртілген сиырлардың бағасы 250-500 мың теңге арасын қамтиды. Бұл орайда, күй жинаған екі жылдық тайыншалардың орташа құны 300 мыңнан жоғарылай береді.

Абай облысы

Өңір көлемінде салмағына қарай соғымға сойылатын ірі қараның құны 200-300 мың теңге көлемінде. Ал жылқы бағасы салмағына байланысты 350 мынңан басталып, 500 мыңға дейін барады. Жіліктеп алатындар үшін жылқы етінің бір келісі 2000-2400 болса, сиыр еті үшін 1750-1900 теңге.

Ақтөбе облысы

Облыс аумағында соғым бағасы әртүрлі. Жабағы 190-250 мың теңге аралығында тұрса, сиыр малы 300-400 мың теңгеден сатылуда. Бие құны 500-600 мың теңге. Ақтөбеліктер соғымды көбіне аяқтап сатып алады. Жылқы етінің келісі 2400-2800 теңгені шамаласа, сиыр еті 2 200 теңгеден басталып, 2 400-ге дейін барады.

Атырау облысы

Атырау облысындағы соғым бағасы өзге өңірлерге қарағанда төмен. Онда жабағыны 180-220, ал құнанды 270-300 мың теңге алуға болады. Дөнен құны 320 мыңнан басталып, 380-ге дейін барады. Бесті биелер 400-480 мыңнан сатылып жатыр. Ал соғымға сиыр союды жоспарлағандар 180-220 мың теңгеге қашар мен тайынша ала алады. Облыс аумағында құнажын – 280, күйлі дөнежін 300 мыңнан жоғары бағалануда.

Шығыс Қазақстан облысы

Бұл өңірдегі соғым бағасы Абай облысымен шамалас. Мәселен, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан аумағында ірі қара 250-300 мың теңгеден саудалынып жатыр. Биыл облыста жылқы малы тірі салмақта 400-500 мың теңге көлемінде бағаланып отыр. Аяқтап алатындар үшін сиыр етінің келісі 1800-1900, бір килограмм жылқы етін 2200-2400 теңгеге алуға болады.

Жамбыл облысы

Жамбылда байтал мен дөнендердің бағасы кемінде 500 мыңнан басталады. Ал құнан 350-420 аралығын қамтыса, бір жарым жасар тайлар мен биылғы жабағылардың құны 250 мыңнан жоғары. Сонымен қатар, бұл өңірде сиырлар 300-350 мың аралығында саудаланып жатыр.

Жетісу облысы

Жетісу облысында құнандар 400-450 мың теңге тұрады. Күй жинаған, семіз жылқылар 600 мыңнан басталып 700-ге жетеді. 2 жасар бұқалар 300-400 мыңнан сатылса, сиырлар 350-400 мың теңге шамасында.

Батыс Қазақстан облысы

Батыс Қазақстан облысында жабағы 200 мың теңге көлемінде тұрады. Күйіне байланысты жылқы бағасы осы сомадан жоғарылай береді. Ал сиыр малы 250 мыңнан басталады. Арнайы семіртілген ірі қара құны 300 мыңнан асып түседі.

Қарағанды облысы

Қарағанды облысында тайыншалардың бағасы 180-200 мыңнан басталады. Жабағы да 180-200 мың және одан жоғары. Байталдар болса 450 мыңның үстінде саудаланып жатыр. Ту биелердің ең арзаны – 600, қымбаты -700 мың теңгені шамалап қалады.

Қостанай облысы

Мұнда тайлар мен жабағылар 270 мыңнан қымбаттай береді. Құнандарға қойылатын қазіргі ең арзан сома – 380 мың, ал байтал мен дөнен 550 мың теңгеден басталып, әрі қымбаттай түседі. Тіпті 750 мыңға дейін жетеді. Ал тайынша мен қашарлар 220-250 мың шамасында. Сиырлар кемінде 350 мың тұрады.

Қызылорда облысы

Қызылордада соғымға күйлі жылқы соямын десеңіз, 500-700 мың теңге аралығында қаражат керек. Ал сиыр бағасы өзге өңірлермен шамалас. Атап айтқанда, сиыр 300-400 мың теңге көлемінде тұрады. Ал аяқтап сатылатын жылқы етінің келісі 2 500 болса, сиыр етінің бір килограммы 2 200 теңгеден сатылып жатыр.

Маңғыстау облысы

Аталған аймақта жабағының тірі салмақтағы құны 240-250 мың болса, тай мен құнанды 350-400 мың теңге аралығындағы қаражатқа алуға болады. Биелер 450-500, ал дөненшелер 500-650 мыңға дейін жетіп отыр. Сиыр жылқының бағасымен шамалас. Мұнда ірі қара көбіне Орал мен Қостанайдан әкелінеді.

Соғымды аяқтап алатындар үшін сиыр етінің келісі2700-2800 теңге. Маңғыстауда жылқы етінің килограмы 2700-ден, ал қазының бағасы 4200 теңге болады.

Солтүстік Қазақстан облысы

Бұл облыстағы ең арзан тайдың бір аяқ еті 120 мың теңге. Орташа баға 130 мың шамасында. Қазысы 2-3 елі беретін тайдың бір сирағы 150 мың теңгеге дейін барады. Ал байталдың бір аяқ еті 160-180 мың теңге аралығында. Бұл орайда аталған өңір тұрғындары соғымды көбіне жіліктеп және аяқтап алады.

Түркістан облысы

Бұл облыста тірі салмақтағы бір жарым жасар тайлар 300 мың теңгеден басталып, 400-ге дейін жетіп жатады. Түркістанда соғымға сиыр союға ниетті тұрғындар 200 мыңнан жоғары сомада мал таба алады.

Түркістанда жылқы етінің бір келісі 2400-2800 аралығында.Ал сиыр етінің килограмы 2000-2400 теңге.

Павлодар облысы

Павлодар да соғымы қымбат өңірлер қатарында. Биыл мұнда жабағы мен бір жарым жасар тайлар 240 мың теңгеден жоғары сатылып жатыр. Ал құнанға қойылатын ең төменгі баға – 420 мың. Бұл облыстағы байтал мен дөненнің орташа құны – 530 мың шамасында, әрі қарай қымбаттай түседі. Сиырлар болса 330-390 мың теңгенің айналасында.

Ұлытау облысы

Өңір аумағында жемделген сиырлардың бағасы 350-ден басталып, 400 мыңға дейін барады. Биылғы бұзаулар 120-160 мың теңге аралығында. Тайыншалар – 180, қашарлар 250-300 мыңға сатылуда. Ұлытаудағы жабағы құны 200-300 мың аралығында. Байталдар 500-600 мыңды шамаласа, ту биелер 600-700 мың теңге тұрады.

Comments (0)
Add Comment