Құрметті Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары!
Сіздерді тамырлас, тағдырлас қос мереке – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл халқымыздың тарихына өшпес із қалдырған Ұлы Жеңіске 79 жыл толды. «Ер басына күн туып, етігімен су кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» сұрапыл жылдардағы батыр бабаларымыздың өлшеусіз ерліктері мәңгі ұмытылмайды. Өкінішке орай, майдан даласынан аман қайтқан сарбаздардың қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Бүгінде көне шаһарымызда Ұлы Отан соғысының 5 ардагері мен 700-ден аса тыл еңбеккері тұрады.
Жеңіс күнінің қарсаңында елімізде Отан қорғаушылар мерекесінің аталып өтуінің өзіндік мәні бар. Біздің әскеріміз Ұлы Отан соғысында айбарын көрсеткен батырларымыздың даңқты дәстүрін жалғастырып келеді. Мемлекетімізде қорғаныс қабілетін нығайтуға, заманауи және кәсіби әскер жасақтауға ерекше көңіл бөлінуде. Қарулы Күштер қатарында қызмет ету әрбір отандасымыздың міндетіне, аға буынның ерлік және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизмнің адамгершілік мектебіне айналды.
Қадірлі Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Қымбатты Отан қорғаушылар!
Осынау қасиетті де, қастерлі қос мерекемен баршаңызды құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Ардагерлер мен жауынгерлеріміздің дені сау болып, сарбаздарымыз айбынды қызмет ете берсін. Еліміз аман, аспанымыз ашық, жұртымыз тыныш болсын!
Кенжебек ОЛЖАБАЙ,
Тараз қалалық мәслихатының төрағасы