Елге еңбегі сіңген Егембердиевтер әулеті

Қазақ «Ата жолы – бала жолы» деп бекер айтпаса керек. Ал «көненің көзі», «асылдың сынығы», «ата жолын қуған», «әке ізін жалғаған» деген тұнық тіркестер қашанда ел аузында. 

Тамырын терең жайған біздің нар тұлғалы азаматтардың өзі өмірден өтсе де, өзінен тараған ұрпағы, өшпестей ізі бар. Біздің ішкі істер саласында туған ел мен жерге қызмет етудің отбасылық дәстүрін жалғаған полиция династиясы деген ұғым бар. Отбасылық ұстаным мен Антқа беріктік, адал еңбек пен абырой атадан балаға қанмен дарыған қасиет. Осындай абыройлы әулеттің бірі – Егембердиевтер отбасы. Осы әулеттің иесі мен киесі, еңбек жолында абыройына сызат түсірмеген ел ағасы – Құрманбай Егембердиев Садыханұлы 1940 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жұма ауылында дүниеге келген.
Орта мектепті аяқтағаннан кейін бала арманын арқалап, КСРО-ның Ішкі істер министрлігіне қарасты Ф.Э.Дзержинский атындағы Саратов әскери училищесін, кейін Ордженикидзе атындағы жоғарғы жалпы әскери командалық училищесін 1965 жылы тәмамдаған соң жары Бибісара Егембердиева Әбдірахманқызы екеуі Ресейдегі Ольховка елді мекенінде тұрақтап, Пермьнің Соликамск деген жеріндегі әскери бөлімнің ішкі әскерінде 10 жылдан астам уақыт қызмет атқарған.
Кейін туған жерге оралған соң, Қазақстан Республикасы ІІМ ішкі әскерінде де 16 жыл қызмет жасап, әртүрлі басшылық міндеттерді атқарып, капитан шенінде зейнетке шыққан. Құдай қосқан жары екеуі 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, құтты орнына қондырған ардақты әке, аяулы ана. Өкінішке орай біраз жыл бұрын Құрманбай ақсақал өмірден өткен. Бірақ жары Бибісара анамыз бүгінгі таңда жұбайының орнын жоқтатпай, қара шаңыраққа ие болып, бала-шағаның басын біріктіріп отырған жан.
Ұлағатты әулеттен тараған үлкен ұл полиция полковнигі Ержан Егембердиев қазіргі таңда Жамбыл облысы Полиция департаментінің Кадр саясаты басқармасының бастығы. Ал қалған екі ұл ішкі істер органдарында бірнеше жыл еңбек етіп, абыроймен зейнетке шыққан полиция қызметкерлері.
Отбасындағы екінші ұл полиция подполковнигі Ербол Егембердиев зейнет демалысына дейін Жамбыл облысы Байзақ аудандық ІІБ бастығының бірінші орынбасары лауазымын атқарса, үшінші ұл полиция полковнигі Ералы Құрманбайұлы Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарып, зейнетке шыққан.
Ата жолы мен әке ізін жалғастырушы, Құрманбай ақсақалдың немересі Махамбет Құрманбаев Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды заң академиясына түсіп, 2015 жылы оқуын өте жақсы аяқтап, еңбек жолын Тараз қаласы, 1-полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесіне жедел уәкілі қызметінен бастап, отбасындағы алған тәрбиесі мен еңбекқорлығының арқасында қазіргі уақытта Тараз қаласы Полиция басқармасының Криминалдық полиция бөлімінің жедел іздестіру бөлімшесінің бастығы қызметін атқарып отыр.
Махамбет ұжымда сыйлы, ортасына беделді, қызметтік міндетіне адал ата жолымен келе жатқан текті ұрпақтың өкілі. Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен әріптестер арасында үлкен беделге ие. Өзінің қызметтік міндеттерін тиянақты атқарып жүрген Махамбет өзінен кейінгі іні-қарындастарына да, өз маңайындағы көпшілікке де үлгі бола білген азамат.
Егембердиевтер династиясының қызмет өткеру жылдарын, еңбек өтілдерін жылдармен салалап санасақ 112 жыл, бүтіндей бір ғасырдан асып жығылады екен. Ал бір ғасыр бірнеше ұрпақ өмірге келетін уақыт. Осыдан кейін де Құрманбай атамыздың ұрпақтары ел мүддесі үшін ата жолымен, әлі де әулет дәстүріне айналған ата ізімен жүруін тоқтатпас деген үміттеміз.
Әрбір қазақ полицейінің абыройы артып, отансүйгіш, борышына адал, Антына берік азаматтар Тәуелсіз еліміздің туын асқақтата беретіндігіне кәміл сенемін.
Ел-жұртымыз аман болып, ел қауіпсіздігін қорғаудағы полиция қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасында халқымыз қамсыз, уайымсыз алға қадам баса берсін!

Асылхан ЗАУРБЕКОВ,
Тараз қалалық Полиция басқармасының бастығы

Comments (0)
Add Comment