Электронды құжаттың мүмкіндігі көп

Тараз қаласының мемлекеттік архивінде «Архивтік анықтамалар беру, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер» мемлекеттік қызметі бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатымен ашық есік күні өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пандемия кезінде барлық мемлекеттік қызметтер электронды түрде көрсетілуіне байланысты, әсіресе, архивтік анықтамаларды алуда қиындық туды. Бұл мекеме осы уақытқа дейін бірнеше электронды бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізіп, халық арасында кеңінен таныла бастады.

«Электронды үкімет» бағдарламасы өз үйінде отырып-ақ ұялы телефон арқылы республиканың кез келген аймағындағы мемлекеттік архивтерге сұраныс салып, қажетті анықтамасын ала алады. Ол үшін әр азамат Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан немесе онлайн түрде «электронды кілтті» (ЭЦҚ) алса болғаны. Бұл бағдарламада «Архивтік анықтама алу» тетігі де іске қосылған.

Жиынға Тараз қаласының мемлекеттік архивінің директоры Нұрхат Серікбаев, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының архивтер және құжаттама бөлімінің маманы Мария Жанабаева, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы халыққа қызмет көрсету бойынша Тараз қалалық бөлімдерінің (4 бөлім) басшылары мен мамандары, атап айтқанда, №1 бөлімінің маманы Дамир Қаймаханов, №2 бөлімінің бас маманы Нұрбол Еділбаев, №4 бөлімінің маманы Ғани Рысқұлбек, Тараз қаласы әкімінің жер қатынастары бөлімінің заңгері Қанат Жұпбаев, Тараз қаласы білім бөлімінің архившісі Айгүл Әбдікәрімова және қала тұрғындары қатысты.

– Өтініштерді қалай толтыру, әр азаматтың электронды құжаттары, сондай-ақ қосымша тіркелетін құжаттарын жинау осындай ашық есік күнінде кеңінен көрсетіледі. Өтініш тіркеліп, жауапты мамандарға келіп түскен соң, 9 бен 11 күн аралығында пошта арқылы нақты мекенжайға жауап жолдап отырамыз. Бізге шет мемлекеттерден, олардың арасында көбінесе Ресей мен Германиядан өтініш көп түседі. Олардың көбі Қазақстанда тұрып, жұмыс істеп кеткен кісілер болғандықтан, тиісті сауалдарына жауап қайтарып, қажетті құжаттарын табуға көмектесеміз, – деді өз сөзінде Нұрхат Тірібосынұлы.

Сонымен қатар қосымша ақпаратты қалалық архивтің бөлім басшысы Гүльмира Аханбековадан, яғни 8 (7262) 54-66-09 нөмірі арқылы алуға болатынын жаза кеткенді жөн көрдік. Ашық есік күнінде қала тұрғындары көкейінде жүрген басқа да сауалдарға жауап алды.

Comments (0)
Add Comment