Елдос Сметовті күтіп алу үшін Тараз әкімдігі оның үйінің алдына жаңа асфальт төседі

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов 5 тамызда Қазақстанға оралып, Тараздағы өз үйіне барады. Ал, жергілікті әкімдік даңқты спортшыны күтіп алуға білек сыбана кірісіп кеткен секілді. Әлеуметтік желіде Елдос тұратын көшеге жаңа асфальт төселгені түсірілген видеоролик тарады.

Аталған видеороликте кадр сыртындағы дауыс бұл көшеде Елдос Сметовтің тұратыны және оның келуіне орай жаңа жол төселгенін айтады. Ал, чемпионның үйінің алдына жол салушылар асфальтті аямай құйғаны көрініп тұр.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында Елдос Сметов 60 кг салмақ дәрежесінде күресіп, жарыс жеңімпазы атанды. Қазақстан қоржынына әзірге өзге спортшылар алтын медаль салған жоқ.

Comments (0)
Add Comment