Дзюдодан Қазақстанның ерлер құрама командасының бас бапкері, Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Елдос Сметовтің жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиевтің қызметінен кетуі мүмкін деген ақпарат тарап жатыр деп хабарлады turkystan.kz exk.kz-ке сілтеме жасап.
Ол 2020 жылдың қараша айында ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалған еді. Енді ол өзін Дзюдо федерациясы президенттің міндетін атқарушы Асхат Жіткеевтің орнынан алғысы келіп жатқанын айтады.
Оның айтуынша, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев бас бапкерді бұрыннан жақтырмай, түртпектей береді екен. Осыған дейін Қайрат Қожамжаров федерацияның президенті болып тұрғанда оған ешкім тиісе қоймаған. Ал Қожамжаров қызметтен кеткен соң, жұмыста қастық жасау басталған.
«Федерация менен басқа, Дидар Хамзаның әкесі әрі жеке бапкері Марат Файзиев пен Мұрат Кеңтоновты да қызметінен кетіргісі келеді. Ол екеуі менің штабымда жұмыс істеп жүрген. Естуімше, олар мені қызметтен алу туралы құжатты дайындап, министрлікке тапсырған. Енді министр Дәурен Абаевтың қол қойғанын күтіп отыр екен», – деді бас бапкер.
Оның айтуынша, балуандардың бәрі бас жаттықтырушыны қолдап отыр. 16 сәуірде оқу-жаттығу жиыны жоспарланған. Бұл жағдай дәл жиынның алдында бапкерлер мен спортшылардың көңілін түсірген.
Кейбір деректерге қарағанда, бас бапкерлікке республикалық спорт колледжіндегі жаттықтырушы Нұрбол Сүлейменов тағайындалуы мүмкін. Ал Ғалымжан Жылгелдиев болса, алған бетінен қайтқысы келмейді.
«Мен өзіме қойылған міндеттерді атқарып келе жатырмын. Былтыр Токио Олимпиадасы мен әлем чемпионатынан жүлде алдық. Енді Париж Олимпиадасына дайындықты бастап кеттік. Биыл Азия ойындары мен әлем чемпионаты бар. Егер осы жарыстардан нәтиже көрсетпей жатсам, өзім-ақ кетемін ғой. Ал мынау еш түсіндірместен қызметімнен кетіруге әрекет етіп жатқаны тіпті ақылға сыймайды»,- деді Ғалымжан Жылгелдиев.