Елдік – елге серт

«Баласағұн» орталық концерт залында «Елдік елге байланысты» тақырыбында қоғамдық форум өтті. Келелі мәселелер қозғалған жиын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, ғалымдар өзара ашық пікір алмасты.

Думан САХИ
Суретті түсірген Юрий КИМ

Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік, бірлік пен ынтымақ, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатына негізделген форумда қоғамдағы кертартпалық пен ысырапшылықтар жайы қаузалды. Шараны облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік жүргізді. Баяндамашылар сөз сөйлеп, орамды ойларын ортаға салды. Облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген бүгінгі қарттардың елді ұйыстыра білетін, ағайын арасын жақындатып, кішіге даналық үйретер қасиетінің жоғалып бара жатқанын айтып, өз ойын білдірді.

– Ұлтымыздың ұлы ойшыл данышпаны, мыңмен жалғыз алысып, арпалысқан хәкім Абайдың артында қалған өлшемі шексіз, мазмұны сыр-мұңға толы, мәртебелі сөздерін кейде аттап өтетін сияқты ойда қаламын. Ал ынтымақ, бірлік, татулық туралы Ұлы даланы аузына қаратқан, көлденең кісі жолын кеспейтін Төле бидің төгілтіп, Қазыбек бидің қиып, Әйтеке бидің әріден әрлеп айтқан нақылдарын біз неге ұмытамыз? Берекені көктен емес, көптен тілеген сол Төле би бабамыз іргесі сөгілмеген елдің татулығы мен ынтымағын сақтау үшін ат үстінен түспеген. Керісінше, ертеңіне елеңдеп отырған жастарымыздың алдына шығатын бүгінгі күннің «қолдан жасалған» билері бірлік пен еңбекті тірліктің орнына, «ұлың он шақты, қызың моншақты болсын» деп мөлдіреп тұрып бата беретін болды. Ал бата татулық пен бірлікті, ынтымақты дәріптейтін, соған шақыратын, осындай игілігі мен шарапаты мол қасиеттердің маңына халықты топтастыруға ұмтылатын құнды құрал емес пе?! – деп толғанды Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Форум барысында жиі талқыға түскен бүгінгі той мәдениетіндегі кейбір дәстүрлердің өрескел бұзылуы, жастардың тойдағы ерсі қылықтары сынды мәселелер «Асыл арман» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаевтың баяндамасына арқау болды.


– ҮЕҰ жетекшілерімен өткізген кездесу кезінде мен «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» деп той мәселесін көтерген едім. Ал нақты іске кіріскен Меркі ауданына риза болып отырмыз. Өткен жылдың қазан айынан бастап Меркі ауданының әкімшілігі той мәселелерін дұрыс жолға қойды. Қазір Меркіде той 19.30-24.00 аралығында өтеді. Бұл дегеніміз – ең бірінші халықтың қазынасы саналған той берекесін кетірмеу, уақытты тиімді пайдалану, құқық бұзушылықты болдырмау, той қызметкерлерінің еңбегін жүйелеу. Бұл бастаманы баршаға ортақ ету керек. Әрине, той деген көпшіліктің қауышар орны. Онда батагөй қария дана да, ел басқарған өнегелі аға да, білмегенін білмекке талпынған жасөспірім бала да бар. Олай болса, ұлы мерейіміз – ұлттық құндылықтарымызды құрметтеп, ұлттық тәрбиені қоғамның бір-бір бөлшегі өзімізден, өз отбасымыздан бастайық! Ел болып өркендеуіміз өзімізге байланысты, – деді Ринат Даниярұлы.

Қазіргі қазақ қоғамында отбасы құндылықтары құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса ақиқат. Отбасылық өмір салтының құлдырап, құнсыздануы – жалпы әлемдік проблема. 2016 жылғы ажырасулардың деңгейі бойынша алғашқы ондыққа енетін елдердің басым бөлігі экономикасы дамыған Еуропа елдері екен. Зерттеушілер тіпті дәстүрлі құндылықтарын берік ұстанатын мұсылман елдеріне де бұл індеттің кең тарай бастағанын айтады. Ал мұның бәрі – ұяда көрген тәлім мен тәрбиенің таяздығынан орын алатын құбылыс. Жиында сөз алған ардагер ұстаз Кәмилаш Ахметова отбасындағы басты құндылықтар турасында сөз қозғады.

– Әр отбасының алғашқы ұстазы – ата-анасы. Ұлын ұлықтап, қызын үкілеп, ұлтымыздың асыл дәстүрімен өскен бала отбасының қуанышы ғана емес, еліміздің зиялы азаматы болып өсуі анық. Ата-анамыз бізді қас-қабағымен, өздерінің бүркемесіз болмысымен, анамыздың «әкеңнен ұят болады» деген бір ауыз қасиетті сөзімен тәрбиеледі. Иә, «сын түзелмей, мін түзелмейді». Біз бүгін көбіне айтатынымыз: баламызды тыңдату қиын, тіптен 2 жастағы баланың өзі тек телефонмен ғана тынышталады дейміз. Себебі біз балалармен сұқбаттасуды қойдық, оның тыныс-тіршілігін, ойын, ортасын зерделей білмейміз. Әдеби кітап оқуды өзіміз де, балаларымыз да қойды. Қазақ мектебіне барған оқушы ана тілінде емес, орыс тілінде сайрап барады. Мектеп оқушылары мектепте, көпшілік орында болсын бір-бірін балағаттап, намысына тиеді. Мұғалімнен де балағат, былапыт сөздермен көзге түсіп жатқаны қаншама, – деді ардагер ұстаз.

Өз кезегінде әрдайым өзекті мәселелерді қаузап жүретін өңірге белгілі дәрігер- журналист Сағындық Ордабеков те аталған мәселелерден тыс қалмай, өз ой-пікірімен бөлісті.

– Сайып келгенде, «ХХІ ғасыр – жастардың ғасыры» демекші, сол жастар да елдің құндылықтары үшін еңбек етуі керек. Рухани жаңғырып, Мәңгілік ел болу үшін құндылықтарымызды мәңгілік сақтап, өзімізден кейінгі ұрпақтарға мәңгілікке табыс етуіміз керек. Себебі ұлттық құндылықтар – ұлттың қазынасы. Тағы бір айта кететін жайт, облысымыздың 80 жылдығы қарсаңында бұл күндері арнайы топ ел-елді аралап, халық арасында сақталған ауыз әдебиетін, фольклорды жиып, олардың басын қосып, бірнеше кітап етіп шығаруды жоспарлап отыр. Мерейлі мереке қарсаңында жүргізіліп жатқан игілікті істердің бірі осы дегеніміз жөн. Қазір жиналмаған, жазылмаған, қағазға түспеген дүние ертең ұмытылып, көзден бұл-бұл ұшады. Ұлттық құндылықтар мәселесіне арналған бүгінгі қоғамдық форумға ризашылығымды білдіре отырып, жерлестерімізге, жамбылдықтарға арнайы үндеу қабылдау орынды деп есептеймін. Бұл үндеуді көпшілік қолдайды және бұл бағытта атқарылар іс-шаруаларға әрқайсысы барынша үлес қосады деген сенімдемін, – деді ол.

олардың басын қосып, бірнеше кітап етіп шығаруды жоспарлап отыр. Мерейлі мереке қарсаңында жүргізіліп жатқан игілікті істердің бірі осы дегеніміз жөн. Қазір жиналмаған, жазылмаған, қағазға түспеген дүние ертең ұмытылып, көзден бұл-бұл ұшады. Ұлттық құндылықтар мәселесіне арналған бүгінгі қоғамдық форумға ризашылығымды білдіре отырып, жерлестерімізге, жамбылдықтарға арнайы үндеу қабылдау орынды деп есептеймін. Бұл үндеуді көпшілік қолдайды және бұл бағытта атқарылар іс-шаруаларға әрқайсысы барынша үлес қосады деген сенімдемін, – деді ол.

Форумды қорытындылаған аймақ басшысы Асқар Мырзахметов көтерілген мәселелерге байланысты облыс тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа, сабырлық пен қанағатшылыққа, берекелі өмір сүруге шақырып, Үндеу жолдады. «Жаһандық әлеммен қабыспайтын, ұлттың дамуына кедергі келтіріп, ел ішіне іріткі салатын өткеннің кейбір кертартпа дағдылары мен әдеттерінен күні бүгінге дейін арыла алмай отырғанымыз жасырын емес. Олар: жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, жершілдік, тамыр-таныстық, жүзшілдік пен рушылдық, ысырапшылдық пен астамшылдық, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз салтанат, қанағатсыздық пен үнемсіздік. Өркениеттілікке емес өсекке, зиялылыққа емес зияндыққа, парасаттылыққа емес пасықтыққа, ізгілікке емес ібілістікке жетелейтін мұндай «ғұрыптардан» құтылатын кезең келді. «Іргелі елдің іргесін есер ағым бұзар» дегендей, бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдардың ел арасына етене еніп, жастардың санасын улап жатқаны да – барша жұртты алаңдатып отырған күрделі мәселе. Бұл үрдістің тамырына балта шауып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде зайырлы білімді ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыра отырып түсіндіру – баршамыздың басты мақсатымызға айналуы тиіс. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары «Туған жерге тағзым», «Жаныңда жүр жақсы адам», «Мерейлі отбасы», «Ата салтымызды ардақтайық», «Шашу – оңай, жинау – қиын» тәрізді жобаларды насихаттауға бет бұруы тиіс. Бүгінде әлеуметтік желі елге жаңалық тарататын ақпарат көзіне айналды. Ондағы кейбір белсенді қолданушылар елді арандатып, іріткі салып, өзінің емес, өзгенің пайдасына әрекет етуде. Желідегі бір адамның пікірі – көпшіліктің пікірі емес. Соны ажырата білген жөн. Барлық игілік еңбекпен, бірлікпен келеді. Ал дау-жанжал ешқашан береке әкелген емес. Жеті тілде мүдірмей сөйлеуге, жетпіс өнерді жете игеруге қабілетті қазақ халқының бауырлас диаспораларды бауырына тарта отырып, еліміздің ХXІ ғасырдың жаһандық картасында дербес орны бар, мәртебелі мемлекет болуына бір кісідей атсалысатынына кәміл сенеміз», – делінген Үндеуде. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары осы бағытта насихат жұмыстарын ұйымдастыру, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру үшін арнайы заң бекіту керектігі айтылған.

Форум соңында Үндеудегі мәселелерге үн қосып, мазмұнын жетілдіру үшін арнайы редакция құрамы бекітілді.

Comments (0)
Add Comment