Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады – Президент

Ұлттық құрылтай отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда болып жатқан саяси өзгерістердің мәніне тоқталды.

Президент былтырғы күздегі Жолдауында Жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы айтқанын, ақпан айының басында Үкімет құрамы ауысқанын, жаңа міндеттер жүктелгенін еске сала кетті.

«Дегенмен, нағыз дамыған ел болу үшін тек экономикалық мақсат қою жеткіліксіз. Әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алуымыз керек. Сондықтан биыл Ұлттық құрылтайды жылдағыдай жазда емес, ертерек өткізіп отырмыз. Осы орайда, бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталғым келеді.

Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы.

Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», деді Мемлект басшысы.

egemen.kz

Comments (0)
Add Comment