М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Тәуелсіздік залында Тұңғыш Президент күніне орай «Елбасы – ел тірегі» атты жастар форумы өтті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Жиынды қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і ұйымдастырды. Аталмыш мекеменің директоры Абзал Есіркепов алдымен жиылған көпшілікті мерекемен құттықтады. Елбасының еңбектерін жастар арасында насихаттау мақсатында өткен форумға ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Үміт Битенова, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының «Жамбыл облысының бірыңғай диспетчерлік қызметі» КММ директорының орынбасары Диана Әбдіғаппар қатысты. Форум қонақтары егемендік жылдарындағы жастарға жасалған мүмкіндіктер мен қолдаулар туралы өз ойын ортаға салды.
Үміт Қыранқызы Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығында жеткен жетістіктердің барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы екенін тілге тиек етіп, жастарды Көшбасшы бастаған даңғыл жолды жалғауға шақырды. Сондай-ақ шара барысында қала аумағындағы жастарға бағытталған іс-шараларда белсенділік танытып жүрген студент жастар қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і директорының Алғыс хаттарымен марапатталды.