Ел тыныштығы бұзылмасын

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Еліміз бойынша орын алған төтенше жағдайдан хабардарсыздар. Бұл – өте жағымсыз, көңілімізге кірбің түсірген іс-әрекет болды. Талайдың жағасын ұстатып «Япырм-ай, бұл қалай болды?» дегізген, сынақ жағдай басымыз- ға туып отыр. Өздеріңіз білетіндей, бұл жағдайға террорлық, содырлық топтардың араласқаны да мәлім болып, жауапты азаматтар оған тойтарыс берумен нақты айналысып жатыр.
Халқымызда «Сабырдың түбі – сары алтын» деген мақал бар.
Бабаларымыз оны бекер айтпаған. Електен, өздерінің бастарындағы тәжірибеден өткізіп барып сөйлеген. Жыл басында орын алған осынау келеңсіздік те – халқымыздың сабырына, төзіміне сын. Басымыздан қандай қиындық өтсе де, ауыр жағдайға төзімділік танытқан елміз. Бұл жағдайға да халқымыз түсіністік танытып, қиындықтан бірге өтеміз деп ойлаймын.
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та халқына үндеу жариялап, ереуілшілердің нақты талабымен санасып, бейбіт шерудің түсіністікпен тарқауына мүмкіндік туғызды. Нәтижесінде маңғыстаулық ереуілшілер: «Болды біз тоқтадық, тарқаймыз» дегенін де ақпарат құралдарынан естіген боларсыздар.
Біздер облыстық ардагерлер кеңесі, қалалық, аудандық кеңестеріміз де осы күндерде еш тыным таппай елді сабырға шақыруға күш салды. Себебі ақсақалдардың салмақты сөзі, ұлағаты мен өсиеті тұрғындарға күш беретінін, елді сабасына түсіретінін білеміз. Сондықтан өңіріміздің барлық беделді, белсенді қариялары жұрттың ортасында жүр. Тағы бір айтарымыз бұл жағдай әр отбасындағы тәрбиенің мықты болуы керектігін көрсетті. Әр ата-ана баласына бүлдіршін кезінен «Сенің Отаның – Қазақстан. Отаныңды сүй, құрметте. Мемлекетіңе зиян келтірме. Тәртіпке бағын. Тәртіпті бол» деп санасына құйса, мұндай жағдай болмас еді.
Халқымызды сабырлы болуға, тәртіпке бағынуға шақырамын. Биліктегі азаматтардың қолдауымен бұл жағдайдан сәтті шығып, қалыпты жағдайға келетінімізге күмән жоқ. Бірлігің мен тірлігің бұзылмасын, халқым!

Comments (0)
Add Comment