Ел тірегі – жастар

Көңіл көкжиегін кеңейтіп, жігері мен намысын жаншып, ел ертеңіне елеулі үлес қосып, ұлт рухының биік, болашағының берік болуы жастардың қолында. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Ел тірегі – жастар» атты жиында жас патриоттар марапатталды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ

Қалалық «Руханият» орталығында қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі «Қазақстан – 2020: Болашаққа жол» тұжырымдамасы аясында өтті. Жастардың кәсіби өсуін ынталандыру мақсатында сәулет құрылысын, инженерлік, кәсіпкерлік және волонтерлік қызметтерді дамытуға үлес қосқан жастардың еңбегі еленді.

Ағымдағы жылдың қараша айында Тұңғыш Президент күніне орай жарияланған жас патриоттар байқауы бойынша «Жас кәсіпкер», «Тазалық сақшысы», «Жас ақын», «Үздік волонтерлік ұйым», «Жас сәулетші», «Жас инженер» номинациялары бойынша жергілікті атқарушы органдар, кәсіподақ, шығармашыл ұйымдарының және оқу орындарының ұсыныстарымен жасы 29-ға дейінгі жастардың құжаттары қабылданып, байқау өткізу жөніндегі комиссияның шешімі бойынша 6 номинацияның жеңімпаздары анықталған. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев жетістікке жеткен жеңімпаз жастарды құттықтап, тілектестігін білдірді.

– Елбасының еліміз үшін сіңірген орасан зор еңбегінің арқасында тәуелсіз Қазақстанның жастары ел тірегіне айналып, елеулі еңбек етіп келеді. Қазақстанның жетістігі мен биіктен көрінуіне үлес қосқан үшін жас патриоттарды шын жүректен құттықтаймыз. Болашақ жастардың қолында. Еліміз аман болсын! – деді қала әкімінің орынбасары.
«Жас кәсіпкер» номинациясымен – Арайлым Уәлихан, «Тазалық сақшысы» – Дархан Аршынбеков, «Жас ақын» – Нұрболат Жолдасбек, «Үздік волонтерлік ұйым» – «Жалын» волонтерлік қозғалысы, «Жас сәулетші» – Бек Қуанышев, «Жас инженер» аталымымен Азат Жаманқұл марапатталды.

Comments (0)
Add Comment