Ел тарихы жолында еңбек еткен Ермұхан

Сонау қылышынан қан тамған Кеңестік кезеңнің өзінде тарихқа тыңнан түрен салған санаулы тарихшыларымыз болды. Солардың бірі – қазақ тарих ғылымының қалыптасуына және гуманитарлық ғылымдардың бір саласы есебінде дамуына үлкен үлес қосқан ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермұхан Бекмаханов. Ол уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын.

Тағдырлы тарихшы Ермұхан Бекмаханұлы 1915 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Баянауылдағы мектепті бітірген соң 1932 жылы Воронеж педагогика институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1937 жылы аяқтайды. Ол 1937-1939 жылдары Алматыдағы педагогикалық ғылыми зерттеу институтында ғылыми қызметкер, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Ал 1941-1944 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің лекторы болады.

Қайраткер ғалым, Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәскеуден Алматыға келген А.Панкратова бастаған көрнекті совет тарихшыларымен бірлесе жұмыс істеп, 1943 жылы шыққан Қазақ ССР тарихының бір томдық басылымы авторларының бірі болады. 1946 жылы Е.Бекмаханұлы Мәскеу қаласында КСРО Ғылым академиясы Тарих институтының ғылыми кеңесінде докторлық диссертация қорғады. 1947 жылы өзінің докторлық диссертациясы негізінде «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиялық еңбегін жариялады.

Кенесары туралы ғылыми зерттеу жазу үшін деректер жинау кезінде көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин оған өзінің қол ұшын бергенін жазады.

– Ермұхан Бекмаханов менің қазақ тарихын зерттеп білуіме соншалық әсер етті, өйткені бұл ғалым қазақ елінің ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы экономикасы, әлеуметтік құрылысын зерттегенде Кенесары қозғалысына байланысты нақтылы материал жетіспейтін және соны толтыруға Орткомның жәрдемдесуін сұрапты. Сол жұмысты Жұмекең (Жұмабай Шаяхметов) Дінмұхаммед Ахметұлы арқылы маған жүктеді, – деп бастайды естелігін жазушы І.Есенберлин.

Соғыс уақыты болса да, орталық партия комитеті Бекмахановқа көп көмектескен. Есенберлин осы шаруаларды реттеу үшін алдымен Петропавлда, кейін Омбы қалаларында болады. Сырттан бақыланатын көздердің қаптаған кезі, қырағылықтың аса қажеттігін ескерген жазушы сөзін: «Ортком қызметкері неге сонша архивте көп отырады?» деген сезік болмау үшін кейбір архив материалдарын қонақүйге алдырып оқимын. Отарлау саясаты қалай жүргенін, Орынбордан бастап бекіністердің не үшін тездетіп салынғанын әбден түсіндік», – деп сабақтайды сөзін қаламгер.

Бір қызығы Ілияс Есенберлиннің Ермұхан Бекмахановтың шығармашылығына қатысты жазған естелігін жерлесіміз, батыр Бауыржан Момышұлы сақтап, оның шығармаларын құрастырушы авторлар ұжымы кейін жарық көрген көптомдықтарының біріне енгізген екен.

Осындай қазақтың тарих ғылымының дамуына баға жетпес үлес қосқан Бекмаханов екінші жақтан өзі де Ресейдің алдыңғы қатарлы тарихшыларымен бірге жұмыс істеп, олардың ғылыми тәжірибелерін пайдалану мүмкіндігіне ие болады. 1946 жылы Бекмаханов Кенесары Қасымұлы қозғалысы туралы докторлық диссертациясын табысты қорғап, қазақтың тұңғыш тарих ғылымының докторы атағына ие болды.

Ұлы Отан соғысы аяқталған соң «Қырғиқабақ соғыс» басталды, ол идеологиялық соғыстың күрт шиеленісуімен есте қалды. ВКП(б)ОК-нің «Татария, Башкирия, Белоруссия және Украина партия ұйымдарының саяси және идеологиялық жұмысы туралы», сондай-ақ «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы (1946 ж.) қаулылары елдегі ұлтшылдық пен космополитизмге қарсы кең көлемді науқанның басталуына әкеп соқты. Бұл, әрине, Қазақстанды да айналып өтпеді. Қаулыға байланысты 1943 жылы жарық көрген «Қазақ КСР тарихы» кітабындағы Кенесары қозғалысы туралы тарау Бекмахановқа тиесілі еді, оны ғылыми қауымдастық пен жалпы жұртшылық қазақ халқының тарихы мен оның мемлекеттілігі туралы алғашқы және сәтті зерттеу деп жылы қабылдады. Алайда ол да сын мен міннен тыс қалмады. 1947 жылдың наурызында, Қазақстан КПОК пленумы өз қаулысында бұл кітапты «Ресейге қарсы ұлттық көтерілістер асыра дәріптеледі, орысқа қарсы» деп бағалады. Себебі Бекмаханов Кенесары Қасымұлының көтерілісіне феодалдық-монархиялық қозғалыс емес, ұлт-азаттық көтеріліс деп баға бергені үшін саяси қуғын-сүргінге душар болады. Осылайша тарихшы алдымен партиядан шығарылды. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетіндегі жұмысынан босатылды, тіпті ғылыми атақ дәрежелері жарамсыз етіліп, біраз уақыт Алматы облысы, Нарынқол ауданында мектепте тарих пәнінен сабақ берді, көп кешікпей Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Новотроицк селосындағы мектепке мұғалім болып орналасты. Осы жерде 1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалды.

Сот 1952 жылдың 2 желтоқсанында болды. Осылайша КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының үкімімен Е.Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерінің біріне айдалды. Ол кісінің лагерьден тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде, академик, қоғам қайраткері Анна Михайловна Панкратова сияқты қайырымды адамдардың көмегінің арқасында Берия атылғаннан кейін Е.Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда оның ісі жабылып, өзі ақталып шықты.

Көп жылдық қуғын-сүргін қажытқан қайраткер 1966 жылы өзінің емдеуші дәрігерінің табанды кеңесімен Министрлер Кеңесінің ауруханасына жатады. Көңілін сұрап келген батыр Бауыржан Момышұлына: «Бауке, ер адам үшін 50 жас деген түк емес қой. Армандарым мен жоспарларымда орындай алмай кетіп барамын. Кешіріңіз мені», – депті. Кейінірек Бауыржан Момышұлы өз естелігінде: «Ол менен өзінің тарих бойынша жазып үлгермеген ғылыми еңбектері үшін шынайы кешірім сұрады», – деп жазады. Сөйтіп, 1966 жылдың 6 мамырында Ермұхан Бекмаханов дүниеден озады.

Қысқа ғұмырында көптеген жас мамандарға жетекшілік жасаған, талантты жастарға ғылымға жол ашқан тарихшының есімі мәңгі жүремізде сақталады.

Бағлан ОРЫНБАСАР,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті

«Дулатитану жəне өңір тарихы» ғылыми зерттеу орталығының

ғылыми қызметкері

Comments (0)
Add Comment