Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Сембек Сейдәзімовтің есімі Әулиеата жұртшылығына жақсы таныс. Әсіресе білікті де тәжірибелі басшының іскерлік әрі ұйымдастырушылық қасиеттерін әріптестері жоғары бағалайды. Күні кеше Сембек Әбетайұлы мерейлі 70 жасқа толды. Осыған орай мерейтой иесімен арнайы сұхбаттасқан едік.
– Сембек Әбетайұлы, мерейтойыңыз құтты болсын! Әуелі әңгімемізді өткенге көз жіберіп ғұмырнамаңыздан, еңбек жолыңыздан бастасақ…
– Алдымен ізгі тілектеріңізге шынайы алғысымды білдіремін. Ал енді сауалыңызға келер болсам, мен 1952 жылы 12 қыркүйекте Тараз қаласында дүниеге келгенмін. 1960 жылы осындағы Микоян атындағы 8 жылдық мектептің табалдырығын аттап, 1970 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті үздік тәмамдадым. Содан арман қуып Алматыға аттанып, бұрынғы С.Киров атындағы мемлекеттік университетте заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша білім алдым. Еңбек жолымды 1973 жылы облыстық ішкі істер басқармасының қызмет бөлімінде аға инспектор болып бастадым. Кейіннен әр жылдары ҚазКСР Көлік министрлігі облыстық жолаушылар көлігі басқармасының материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің инженері, Жамбыл былғары аяқ киім бірлестігінде заңгер-консультант, «Жамбылсуқұрылыс» трестінің құрылыс материалдары комбинатында слесарь, бригадир, аға ұста, аға механик, аға инженер, «Кирпичник» ЖШС директоры болып қызмет атқардым. Еліміз егемендік алып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген уақытта халық игілігі үшін қызмет етуге бел шеше кірістім. Сөйтіп, көпшіліктің қолдауымен облыстық мәслихаттың 3,4,5 шақырылымдарының депутаты болып сайландым. 2017 жылы облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы, 2019 жылдан бастап төрағасы болдым. 2020 жылдан бері сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұсынысымен қалалық қоғамдық кеңесті басқарып келемін. Әрине, өткенге көз тастағанда, әкем мен анамды еске алмау мүмкін емес. Әкем Әбетай саналы ғұмырын КСРО Теміржол және қатынас министрлігіне қарасты Жамбыл кірпіш зауытының басшылығына арнады. Анам Мария Валиева да осы зауытта ұзақ жыл бригадир болып еңбек етті. Өзімнің де осы өндірісте жұмыс істегенімді жоғарыда айттым. Қазір ұлым Данияр – осы зауыттың менеджері. Осылайша азды-көпті еліміздің дамуына үлес қосып келеміз. Маған ел үшін еңбек етуден асқан бақыт жоқ.
– Бүгінде көпшілігі өзіңіз басқаратын Қоғамдық кеңестің алға қойған мақсат-міндетін, бағыт-бағдарын біле бермейтіні жасырын емес. Жалпы осы кеңес немен айналысады?
– Жалпы Қоғамдық кеңес – билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір. Негізгі мақсаты – бақылау, талдау жұмыстарын жүргізу. ҚР «Қоғамдық кеңес туралы» Заңында «кеңестің міндетіне азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жатады» деп көрсетілген. Біз де осы Заңның шеңберінде жұмыс істейміз. Кеңесші орган болғанымен, жауапкершілігі өте жоғары. Сол арқылы тиісті мәселелерді көтеріп, билікке жеткіземіз. Қазір біз туралы «Кілең ақсақалдар жиналып алып не бітіреді?» деп сынайтындар көп. Сондайларға айтарым, қариясыз ел бола ма? «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді халқымыз. Мәселен, үйіңде де бір шаруаны бастарда ата-анаңмен, ата-әжеңмен ақылдасасың, кеңес сұрайсың ғой. Бұл да сол секілді. Мұндағылардың бәрі көпті көрген, тәжірибелі азаматтар. Әрине, жастармен де тізе қосып жұмыс істейміз. Бірақ олардың көпшілігі қысылтаяң сәтте қандай шешім қабылдауды білмеуі мүмкін. Сол кезде біз ақыл қосып, бағыт-бағдар көрсетіп, жөн сілтейміз. Сол үшін жастарға үнемі бізден үйреніңдер, тәлім алыңдар деп айтамын. Қазір желідегі жел сөзге еріп, айтақтаудан ештеңе шықпайды. Барлығын ақылмен, сабырмен шешу керек. Ханның өзі де баяғыда қарияларға құлақ асқан, сөзіне қонақ берген. Әрине, жергілікті атқарушы органдардың қолдауынсыз кеңестің жұмысы алға баспайды. Қандай да бір түйткілді солардың алдына қойып, оң шешілуіне атсалысамыз. Олар да барлық мәселені бірдей қамти алмайды ғой. Арасында назардан тыс қалып кететін жайттар да кездеседі. Әкімдер де, мәслихаттар да бізбен санасады, ден қояды, оны жоққа шығара алмаймыз. Мәскеу де бір күнде орнатылмағаны тәрізді кей мәселелер шешімін күтеді. Кей азаматтар айтылған мәселені тап сол жерде шешіп бергенін қалайды. Ол дұрыс емес. Әр нәрсенің өз уақыты, орны бар. Бастысы, көтерілген жайттың сөз жүзінде қалып кетпей, орындалғаны маңызды. Қоғамдық қабылдаулар, халықпен кездесулерге жиі қатысамыз. Сонда айтылған түйткілдерді түртіп алып, іске асуына бақылау жүргіземіз. Ұмытылып бара жатқан жайттар болса, оларды тиісті органдарға жеткізіп отырамыз.
– Өзіңіз осы қалада туып-өстіңіз, тыныс-тіршілігімен де етене таныссыз. Көне шаһардың қазіргі келбетіне, дамуына көңіліңіз тола ма?
– Бұрын Тараз қаласы Кеңес Одағы бойынша ең таза қала болатын. Жыл сайын осы бойынша бас бәйгені бермейтін. Көшеде шашылып жатқан бірде-бір қоқыс байқамайтынбыз. Егемендік жылдары шаһардың келбетін жақсарту бойынша көптеген жұмыстар атқарылғанын көзіміз көріп жүр. Оның үстіне заман да өзгеріп, соған сай түрлі нысандар пайдалануға берілді. Әлі де атқарылатын жұмыстар жетерлік. Бірақ кемшін тұстары да жоқ емес. Айталық, біздегі тұрғын үйлердің дені кеңестік жобалармен салынған. Сонау Хрущевтің дәуірінен келе жатқан үйлер қаншама. Тұрғын үйлердің барлығы дерлік 4-5 қабаттан аспайды. Неге біз де бүгінгі күнге сай заманауи ғимараттар салып, биік-биік үйлерді тұрғызбаймыз? Әрине, шет мемлекеттердегідей 100-200 қабатты тұрғын үйлердің керегі жоқ шығар. Бірақ 9, 10 қабатты үйлер бой көтерсе, қандай жарасымды! Бұл, бір жағынан, көрген жанның көзін сүйсіндіріп, ерекше әсерге бөлейді.
Ресми мәлімет бойынша, Таразда 450 мыңдай халық тұрады. Бұдан бөлек, тіркеусіз, бейресми жүргені қаншама. Ауқымы да кеңейіп келеді. Демография осы қарқынынан таймаса, санаулы жылда мегаполиске айналамыз. Сондықтан осыған мән беріп, жаңа үлгідегі сәулет құрылыстарын көбейту керек. Содан соң бұрын қаланың түкпір-түкпірінде арықтар сарқырап ағып жататын. Соның арқасында жасыл қалаға айналдық. Қазір де арықтар бар, бірақ аздау. Тазартылмай тұрғандары да бар. Біздің климат ыстық болғандықтан, әр көшеде осындай арықтар ағып тұруы керек. Шаһарда экология мәселесі де күн тәртібінде тұр ғой. Оны шешудің тетігі де осындай арықтарда жатыр. Себебі арықтардан су ағып тұрса, тал-теректер де жайқалып өседі. Солардан ауаға сан түрлі қажетті оттегі бөлінеді. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы жылдары қаншама саябақ ел игілігіне берілді. Алайда олардың біразы қараусыз қалғаны қынжылтады. Енді оларды әрі қарай дамытып, өркендету керек. Өзіңіз білесіз, Тараздың 2000 жылдық тарихы бар. Бұл дегеніміз 20 ғасыр. Осы уақыт аралығында осы өлкеде қазақтың ғана емес, күллі адамзаттың дамуын, өмірін түбегейлі өзгерткен сан түрлі оқиғалар болды. Бұған тастағы таңбалар, көне жәдігерлер куә. Содан соң ерекше атап өтерлігі, қазақ ұлтының мұсылмандыққа бет бұруы осы жерден басталған. Оған себеп – қиян-кескі Атлах шайқасы. Бұл туралы оқулықтарда жазылғанымен, былайғы жұрт біле бермейді. Ендеше, неге осыны күллі мұсылманға танытатын қандай да бір нысан немесе кешен орнатпаймыз? Ұялатын нәрсе емес, керісінше, мақтанатын дүние ғой. Сонда жас буын да біліп өсер еді. Осы мәселені де алға тартып, көтеруіміз қажет. Қазір Таразды туристік орталыққа айналдырамыз деп жатырмыз. Ол үшін алдымен мен жоғарыда айтқан мәселелерді қолға алғанымыз абзал. Бұл көп мәселенің бір парасы ғана. Әлемде бір тамшы мұнайы, бір тамшы газы жоқ, тек туризммен ғана күн көріп отырған елдер жетерлік. Бірақ олардың тұрмыс жағдайы бізден әлдеқайда жоғары. Ал бізде бәрі бар, бірақ осы саланы ақсатып алғанымыз жасырын емес. Бүгінгі геосаяси ахуалға байланысты көптеген елдерде туристердің саны кеміп кетті. Соның салдарынан экономикалары құлдырауда. Соған қарамастан олар қам-қарекетсіз отырған жоқ. Біз де соларға ілесеміз десек, осы бастан кезек күттірмейтін мәселелерді бір жолға қоюымыз керек. Онсыз туризмнің тірлігін тіктей алмаймыз.
– Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кезекті Жолдауын жариялап, биыл күзде Президент, келер жылы Парламент сайлауын өткізуді ұсынды. Осы сайлаудан кейін қандай өзгерістер күтесіз?
– Біріншіден, Президенттің бұл ұсынысын қолдаймын. Әлбетте, көптеген өзгерістер орын алатыны сөзсіз. Күні кеше ғана республикалық референдум өткізіп, Ата Заңымыздың жаңа жобасын қабылдадық. Президент Жолдауда көтерген бастамалар да соның аясында іске асырылмақ. «Жаңа Қазақстан» деп атағаннан кейін елімізге жаңа адамдар, жаңа толқын, жаңа леп келуі керек. Өмірдің өзі өзгерістерден тұрады. Идеологияны да қайта қарауымыз қажет. Өкінішке орай, руханият саласында көп нәрсені жіберіп алдық. Енді соның орнын толтыратын кез келді. Парламенттің де жаңадан жасақталатыны құптарлық. Әрине, Президент өз уақытымен 2024 жылы сайлау өткізсе де болар еді. Бірақ айналамызда болып жатқан саяси жағдайлар барша- мызға мәлім. Мұны Қасым-Жомарт Кемелұлы да жете түсініп отыр. Тек ішкі саясатпен ғана шектелмей, сыртқы саясатты да басты бағдарда ұстауымыз қажет. Әрине, өзге елдер қайтеді екен деп жалтақтап отыруға тағы болмайды. Біздің өз жолымыз бар. Тек сол жолды дұрыс қалыптастыра білгеніміз дұрыс. Мемлекет басшысы «Күшті Президент», «Ықпалды Парламент» деген ұғымдарды жиі қайталап жүр. Мұның да сыры терең. Яғни Президент пен Парламент тізе қосып, тағдырлы шешімдерді қабылдап отырса, одан ұтылмаймыз. Ол үшін тағы қайталап айтамын, жаңа адамдар келуі керек. Өзінің айтар ойы бар, идеясы мол азаматтар қашанда сұранысқа ие.
Бұдан бөлек, Жолдауда әлеуметтік мәселелер де сөз болды. Соның бірі – Ұлттық қордан түскен табыстың 50 пайызын 2024 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға аударып отыру. Бірақ мұның механизмдері қандай болмақ? Қорға ақша түсті дейік, ол өз алдына бөлек құрылым бола ма, әлде әр баланың өз есепшоты бола ма? Менің ойымша, балаға екінші деңгейлі банктен депозит ашылып, қаржы тікелей соған аударылуы қажет. Сондай-ақ банктер жиналған қаржыға жыл сайын пайыздық үстеме ақысын да қосып отырса құба-құп. Сонда мемлекет те, бала да еш ұтылмайды. Себебі ол бала 18 жасқа толғанша заман қалай құбылатыны, инфляцияның қай деңгейде болатыны беймәлім ғой. Ал бұл жерде балалар опық жеп, зардап шекпеуі керек. Мұны іске асырудың тиімді жолы осы деп ойлаймын.
Осы елдің азаматы болған соң, тек жақсы өзгерістен үмітті екеніміз анық. Біз де сенеміз, күтеміз. Ештеңе де бірден бола салмайды. Бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Қанша жерден мемлекетті жамандасақ та, ешкім бізге сырттан келіп басқа Қазақстанды орнатып бермейді. Оны өркендететін де, құлдырататын да, дамытатын да, бүлдіретін де – өзіміз.
– Осы жасқа келгенде өмірден не түйдіңіз? Ізіңізден ерген жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Бала кезімізде аталарымыз анда-мұнда жұмсайтын. Қазір қарап отырсам, «үйренсін, білсін» дейді екен ғой. Өзім 12 жасымда бүкіл ауылдың малын базарға айдайтынмын. Бала болсам да сеніп тапсыратын. Үлкен кісілердің өнегесін санамызға тоқып, құлағымызға құйып өстік. Одан жаман болғаным жоқ. Соның арқасында өстік-өндік, көгердік, көктедік. Мұны не үшін айтып отырмын? Балаларды әуел бастан тәртіпке, тәрбиеге және мәдениетке баулу керек. Содан соң, әрине, еңбекке. Қазақ «Еңбек бәрін жеңбек» деп бекер айтпаған. Ұғынған адамға мұның астары өте терең. Қазір баланы тәрбиелейтін ата-әжелердің өзі жұмысбасты, одан қала берді телефонға телміретін болды. Сонда тәрбие қайда қалды? Екіншіден, балаға тіл үйрету қажет. Президентіміз Жолдауында: «Қазақ тілімен қатар орыс тілін де білетін өскелең ұрпақ тәрбиелеуіміз керек», – деді. Өте дұрыс. Мұны біреулер сан-саққа жүгіртуі мүмкін, бірақ шындығы – осы. Бұл келер ұрпақ дүбәра болып өссін дегенді білдірмейді. «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген жоқ па Абай?! Демек, бұдан қашпауымыз қажет. Қазір жастарымыз шетел асып, білім алып, жұмыс істеуде. Ол жақта тіл табысу үшін де тіл білуің керек. Әйтпесе наныңды да сұрап жей алмайсың. Тіл – ұлт болудың белгісі. Бірақ ана тіліміз, яғни қазақ тілі басты орында қашанда. Әлемде көптеген ұлттар бар. Бірақ солардың көпшілігінің өз ана тілі жоқ. Амалсыздан өзгелердің тілін қолдануға мәжбүр. Ал ана тіліңді білмей, салт-дәстүріңнен де, тарихыңнан да мақұрым қаласың. Содан соң оларды есепке, шахматқа, логикаға үйретуіміз керек. Одан да ешкім ұтылмайды. Тағы бір айта кетерлігі, баланың ешқашан құқығын шектеуге болмайды. Ол мектепті тәмамдаған соң оқу оқи ма, жұмыс істей ме, оны өзі шешкені жөн. Оған ата-анасы да, басқасы да араласпауы керек. Қазір баласын жетектеп алып, «сен мына оқуға тапсырасың» деп мәжбүрлеп жүргендерді көргенде қарным ашады. Уақыт өте келе, есейген соң, оның жасырын қабілеттері өзі-ақ ашылады. Тек уақытын күту керек. Қазіргі жастар бізден де білімді, бізден де ақылды. Олардың бізден көргені аз болуы мүмкін. Өйткені заманымыз әртүрлі. Бірақ олардың көзі ашық, көкірегі ояу. Барлығы хал-қадірі жеткенше еңбек етіп жүр. Ал ондай адамдар қандай құрметке болса да лайық. Себебі олар да елдің игілігі үшін қызмет етіп, тер төгіп жүр. Менің өмірден түйгенім – осы. Жастарға айтарым тек қана еңбек етіп қана жетістік пен жеңіске жете аласың. Қалғанының бәрі өткінші.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Құрбанәлі Шахабай